Табиғат байлығын өрттен қорғайық!
Орман – адамдарға емдік әсер ететін, күші мен қайратын қалпына келтіретін, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің әртүрлілігінен эстетикалық ләззат алуға мүмкіндік беретін денсаулық қоймасы. Жасыл желек арасында, қаланың қапырығы мен шаңы, мазаны алар шуы жоқ таза ауада, кеудені керіп дем алуға болады. Гүл мен шөптің жұпар иісін жұтып, құстардың сайраған дауысын тыңдап, табиғаттың сұлулығына тамсанамыз. Ал осы кереметтің бәрі әп-сәтте өртпен аяусыз жойылады.
Орман өрті – абайсызда жағылған от, сөнбей қалған шоқ, кейде найзағайдан және ауа-райы температурасының өте жоғары болуынан пайда болатын апат. Орман өрті көбінесе құрғақшылық кезеңдерде, ерте көктем мен күз мезгілінің аралығында болады. Оның негізгі себебі – егін алқаптарындағы ауыл шаруашылығы қалдықтарын өртеген кезде қауіпсіздік талаптарының тиісті деңгейде сақталмауынан туындайды. Орман өрті ағаш қорын кемітумен қатар, ағаштың өсуін нашарлатады, жалын шарпыған ағаш қурайды, жел, дауылда сынғыш келеді. Өрт желдің күшіне, бағытына қарай өршиді. Орман өртін сөндіру үшін көбіне табиғи кедергілер – өзен, жыра, батпақ, жол және орманды, тоғайлы алқаптарда арнайы жасалынған минералды жолақтар пайдаланылады. Орман өрттері ағаштың, флора мен фауна қорының азаюына және жойылуына әсерін тигізеді. Өрт қауіпі бар маусымдарда орман саласына қатысты мекемелерде арнайы кезекшіліктер ұйымдастырылып, өрттің алдын алу шаралары жүргізіледі.
«Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ-мен, «Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу» басқармасына қарасты орман шаруашылығы және жануарларды қорғау жөніндегі комуналдық мемлекеттік мекеме басшыларының қатысуымен 2026 жылғы өрт қауіпі бар маусымдарға дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізіліп, өрт оқиғаларының орын алуына жол бермеу мақсатында бірқатар ұсыныстар талқыланды.
Табиғат аясындағы демалыста және басқа да уақыттарда өрт қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау сондай-ақ, өрт оқиғасы байқалған жағдайларда жергілікті орман шаруашылығы мекемелерінің орманшы-инспекторларына, «101» арнасына хабарлау сұралады.
А.ЖОЛАКАНОВ,
Қызылорда облыстық орман
шаруашылығы және жануарлар дүниесі
аумақтық инспекциясының бөлім басшысы
Фото: ашық дереккөз












