Сенат бұралқы иттерге қатысты заңды Мәжіліске қайтарды
Максим Споткайдың айтуынша, заң жобасы Сенат қарауына түскеннен бері бес рет жұмыс тобында қаралған. Осы уақыт аралығында азаматтардан 300-ден астам өтініш келіп түскен. Талқылауға сенаторлармен қатар мемлекеттік органдардың өкілдері, жануарларды қорғаушылар және қоғам белсенділері қатысқан. Өңірлерден келген өкілдер де қаңғыбас жануарлар мәселесіне алаңдаушылық білдірген.
«Жуырда өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында Мемлекет басшысы қаңғыбас жануарлар мәселесі адам жауапсыздығының салдары екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент жануарларға дұрыс қарамау мен оларға қатыгездік көрсету үшін жауапкершілікті күшейту қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мәселе ушығып кеткеніне назар аударып, соңғы уақытта қаңғыбас иттердің шабуылынан балалар ғана емес, ересектер де жиі зардап шегіп жатқанын жеткізді. Мұндай деректер өңірлерден келіп түсіп жатыр», деп жазды Максим Споткай.
Осыған байланысты Мәжілістен келген заң жобасына бірқатар түзетулер енгізу қажеттілігі туындаған.
Сенаторлар заңға мынадай өзгерістерді ұсынып отыр:
– қаңғыбас жануарлардың санын реттеу тәртібі мен мерзімдерін әр өңірдің мәслихаттары өз бетінше айқындауы тиіс;
Мәжіліс қабылдаған нұсқада қаңғыбас жануарларды панажайға немесе уақытша ұстау пунктіне тапсырғаннан кейін бес тәулік өткен соң эвтаназия қолдану қарастырылған болатын;
– 15-бапта қаңғыбас жануарлардың санын реттеу кезінде «эвтаназия» терминін қолданудан бас тарту ұсынылды;
– қаңғыбас жануарды анықтаудағы негізгі белгі оның иесінің болмауы болуы тиіс, тек чиптің бар-жоғына ғана сүйену жеткіліксіз. Себебі жақын арада, әсіресе шалғай ауылдарда барлық үй жануарларын толық чиптеу іс жүзінде қиын. Бұл түзету құқық қолдану тәжірибесіндегі тәуекелдер мен теңсіздіктердің алдын алуға бағытталған.
«Бұдан бөлек, мазмұндық және құқықтық сипаттағы өзге де бірқатар түзетулер ұсынылды. Олардың барлығы салыстырмалы кестеге енгізіліп, Сенаттың бейінді комитеті заң жобасын Мәжіліске кері қайтаруды ұсынды», — деді Сенат аппаратының басшысы.
Фото: freepik.com












