Ауыл аманаты»: Арал ауданында 178 жоба қаржыландырылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында Қызылорда облысы Арал ауданындағы кәсіпкерлікке бейім азаматтар өз кәсібін ашқан, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Аудан бойынша 2023-2025 аталған бағдарламамен 1 млрд 107,3 млн теңгеге 178 жоба қаржыландырылған. Соның нәтижесінде 200-ден астам жұмыс орны құрылыпты.
Айталық, жиһаз шеберханасын ашқан Күмісай Бахытбергенова 5,4 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Кәсіпкер бүгінде аудан орталығынан бөлек, елді мекендерден түскен тапсырыстарды орындайды.

– Жолдасым екеуміз өз бастамамызбен кәсіп аштық, түрлі тапсырыстар қабылдаймыз. Көбіне-көп ас үй жиһаздары мен кеңсе үстелдеріне ұсыныс түседі. Сондай-ақ жатын бөлме шкафтары, жұмсақ диван-креслоларды шеберханада жасаймыз. Өнім дайын болған соң тапсырыс берушінің үйіне жеткізіп, жиһазды құрастырып та береміз, – дейді кәсіпкер келіншек.

Ал аудан орталығында тұратын Болат Алданиязов халық күнделікті тұтынатын нан өнімдерін шығарады.

– «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының кәсіп бастауға деген ынталы ағайынға пайдасы көп. Өзім бұған дейін дайын өнімдерді сататын дүкен ашсам, қазір наубайханада нан пісіремін. Бағдарламамен алынған қаражатқа үш секциялы электр пеш, ұн илейтін арнайы станок, өзге де қажетті құралдар алынды. Жерлестеріме екі түрлі нан, яғни бөлке нан мен таба нан сатамыз. Күніне екі рет пісіреміз, соның өзінде ыстық күйінде өтіп кетеді. Кейде үлгермей қалып жатамыз, – дейді ол.

Кәсіп иесі алдағы уақытта басқа да нан түрлерін сатылымға шығармақшы. Бір азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған ол наннан бөлек, тәтті тоқаштар мен өзге кондитерлік өнімдерді өз наубайханасында пісіруді жоспарлап отырғанын айтты.
Арал аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, өткен жылдың соңында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 122 жоба ұсынылып, оның 72-сі несие комитетінің отырысында қаралған. Қазір 42 жоба мақұлданыпты. Олардың көбісі өңдеу, яғни өнім шығару саласына қатысты болып отыр. Қосымша мал мен егін шаруашылығы, қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлік жобалар да бар.
Фото: автордан












