Сыр бойы: Қармақшылықтар бірлік күнін атап өтті
Мамыр айының алғашқы мерекесі — Халықтар бірлігі күні орталық алаңда Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен «Татулығы жарасқан – берекелі Қазақстан» атты мерекелік шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Орталық алаңда суретшілер аллеясы, ұлттық және өзге этнос тағамдары, қолөнер бұйымдары мен тарихи жәдігерлер, сондай-ақ Цай Ден Хак мұражайының құнды экспонаттары қойылған көрме ұсынылды. Сонымен қатар ерекше көңіл-күй сыйлау мақсатында балаларға арналған ойын алаңдары да ұйымдастырылды.

Салтанатты шарада аудан басшысы сөз сөйлеп:
«Бірлігі бекем, татулығы жарасқан ел болу – біздің ең басты құндылығымыз. Қазақстан халқының бірлігі күні – еліміздің Ата Заңында айқындалған бірлік, татулық, тұрақтылық ережесінің сақталғанын көрсетіп отыр. «Бірлік бар жерде — тірлік бар». Әр шаңырақта тыныштық болса – ел тыныш болады. Біз болашағымызды бірлесе құрсақ, еліміздің іргесі берік, келешегі кемел болады.
Осы айтулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Туған жеріміздің ырысы артып, мерейі үстем болсын!»,-деді.

Мерекелік бағдарлама ән мен биге ұласып, жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін көрсетті. Қазақтың халық әндері мен күйлері, көпұлтты би ансамбльдерінің өнері кештің мазмұнын ашып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Айта кетсек, бұл мереке 1996 жылдан бастап кеңінен тойланып келеді. Бүгінде бірлік пен ынтымақтың ұйытқысына айналған Қармақшы топырағы 10-нан аса ұлт пен ұлысқа құтты мекен болып, этнос өкілдері бір шаңырақ астында жұмыла еңбек етуде.
Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі












