Арал: Теңізді өлкеде бірлік мерекесі тойланды
Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай Қызылорда облысы, Арал қаласында салтанатты шара өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Татулық пен достықты дәріптейтін бұл күнде кеңпейіл қазақ жұртының қонақжайлылығы көрініс тауып, саз бен сән қатар үйлесім тапты. Мәдени-көпшілік шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, бірлік мейрамын шаттыққа толы көңіл күйде атап өтті.
Қазақстан халықтарының бірлігі күнін жұрт асыға күтетін жалпыхалықтық мерекеге айналған. Шат-шадыман көңіл-күймен бастау алған мерекеде аудан әкімінің міндетін атқарушы Шерхан Есжанов сөз алып, алаңға жиналған қауымды бірлік мерекесімен құттықтады.

– «Қадірлі жерлестер, ардақты ағайын! Баршаңызды татулық пен тұтастықтың мерекесі 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесімен құттықтаймын! Біздің баға жетпес байлығымыз бабалардан өсиет болып қалған, халқымызға қасиет болып қонған береке-бірлігіміз. Біз достықты дәріптеп, өзара түсіністік пен сыйластықты бәрінен биік қойған халықпыз. Осы құндылықтар біздің елдігіміздің тұғыры, мемлекетіміздің ең басты байлығы. Халқымызда «Бірлік түбі – береке» деген даналық сөз бар. Сондықтан, халқымыздың тұтастығы мен ырыс-ынтымағының символы болған бұл мерекенің Тәуелсіздік тарихында да алар орны ерекше. Бірлігі жарасқан халқымыз осы уақыт ішінде талай сын-қатерлерден сүрінбей өтіп, ынтымақ пен келісімнің арқасында жарқын болашаққа нық қадам басты. Тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір өзге ұлт өкілдерінің бір шоғыры біздің өңірімізде де тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олар жергілікті жердің мәдени салтына сіңісіп, ортақ дәстүрлерімізді ұлықтап, ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсете білді. Елдігіміз еңселі, мемлекеттігіміз мәңгі, келешегіміз кемел болсын», – деді Шерхан Жұбаханұлы.
Мерекелік шара одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, жырдан шашу шашылып, ұлттар достығы мен бірлігін дәріптейтін қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды.
Фото: Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі












