«Батырлар — Сізге мың алғыс»: Жаңақорғанда Жеңіс күніне арналған тағзым шарасы өтті
Қызылорда облысындағы Жаңақорған жұртшылығында аудан әкімінің орынбасары Нариман Жахудаевтың қатысуымен 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай «Батырлар – Сізге мың алғыс» атты тағзым ету шарасы өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Жеңіс саябағында өткен тағылымды іс-шараға аудан прокуроры Бахытхан Бөлеулиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, ауданның зиялы қауым өкілдері, тыл ардагерлері, әскери қызметкерлер, жастар және аудан тұрғындары қатысты.
Алдымен қатысушылар сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешкен майдангерлердің рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етіп, Жеңіс саябағындағы ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды.

Мерекелік шара барысында аудан әкімінің орынбасары Нариман Жахудаев сөз сөйлеп, Ұлы Жеңістің тарихи маңызына тоқталды. Майдан даласында көрсетілген ерлік пен тылдағы табанды еңбек – кейінгі ұрпаққа мәңгі үлгі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, соғыс жылдарында қаза тапқан батыр бабаларымыз бен бейбіт өмірде дүниеден өткен ардагерлердің рухына құран бағышталды.
Іс-шара барысында тақырыптық қойылымдар орындалып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Фото: аудан әкімдігі












