Аға… (Әңгіме)
Аға…
(Әңгіме)
«Қашу керек. Қашу керек. Тек қашу керек. Қашу керек…»
Түн ортасы ауғанда қаладағы шамдардың түсі өзгереді. Кешкісін сары болып тұрған жарықтар түннің бел ортасында көгілдір тартып кетеді. Мұны жұрт байқамайды. Себебі ол уақытта адамдардың көбі ұйықтап жатады. Ал ұйықтамайтындар — әлденеден секем алып, елеңдеп жүретіндей. Ержан сондай адамдардың бірі еді. Ол түнде ұйықтамайтын. Терезенің алдында ұзақ отыратын. Аспандағы айды қызықтап, жұлдыздарды санауға әуес-тін. Қолына шай құйылған ыдысты ұстап, көшедегі бос аялдаманы қарайтын… Қыс мезгілі. Көшеде тау боп үйілген қар, көлік өтетін тас жол бойына мұз қатқан. Түнгі қала пейзаждық суретке айналғандай.
Ол соңғы үш айда ешкіммен дұрыстап сөйлеспеді. Қойылған сұрақтарға селсоқ жауап беретін. Телефоны анда-санда ғана шырылдайды. Көбіне жұмысынан. «Материалды жібердің бе?» «Ертең жиналысқа келесің бе?» деген секілді құрғақ сөздер. Бірақ Ержанның ішіндегі дауыстар әлдеқайда қатты еді. Кей түндері оған біреу есігін қағатын сияқты көрінетін. Тық-тық. Барып қараса — ешкім жоқ. Басында мән бермеді. Кейін жиілеп кетті. Әсіресе, сағат түнгі үштен асқанда. Тық-тық. Бір күні ол ашуланып есікті ашты. Дәлізде ескілеу пальто киген бір қария тұр екен.
— Кешір, балам, — деді қария бәсең дауыспен. — Мен адресімді таба алмай жүрмін.
Ержан үндемеді. Қарияның жүзі біртүрлі таныс секілді. Бірақ қайдан көргені есінде жоқ.
— Қай адрес? — деді салқын үнмен. Қария қалтасынан бүктелген қағаз шығарды. Онда көк сиямен бір мекенжай жазылыпты. Ержанның жүрегі бір сәт тоқтап қалғандай болды. Бұл оның бала күнгі үйінің адресі еді. Ержан, ол үйде он жеті жасына дейін тұрған.
Ескі, екі қабатты барақ үй. Қабырғасы көгеріп тұратын. Пештің иісі сіңіп қалған. Терезелері қыста ішінен қырауланатын. Әкесі көп сөйлемейтін адам еді. Анасы ерте қайтыс болды. Ал қарындасы… Бауыры туралы ойласа ойынан тайқып кететін. Себебі кей естеліктер адам санасында толық сақталмайды. Олар сынық айна секілді. Бір бөлігі бар, бір бөлігі жоқ. Бірақ сол жоқ жерлері кейде адамды көбірек қинайды. Ойландырады.
— Сіз қателескен шығарсыз, — деді Ержан қарияға.
— Жоқ, — деді ол күлімсіреп, — адам ешқашан өзінің өткен шағынан қателеспейді, — деді де жылдам басып қария дәлізбен төмен түсіп кетті. Ержан соңынан бармады.
Сол түні Ержан түс көрді. Қараңғы бөлме. Пештің жанында кішкентай қыз отыр. Арқасын пешке сүйеген. Шашын екіге өрген. Баяу ғана:
— Аға… — деді. Ержан қозғала алмады.
— Аға, сен есікті неге жаптың? — осы сөзден кейін шошып оянды. Денесі мұздай. Сағат 03:17. Дәл сол сәтте есік қағылды. Тық-тық. Бұл жолы ол бармады. Таң атқанша қозғалыссыз бүк түсіп жатты.
Келесі күні жұмысына барған жоқ. Автобусқа мініп, қаланың шетіне тартты. Баяғы барақ үй орнында екен. Тек кішірейіп қалыпты. Адамның балалық шағы өткен жерлер есейгенде әрдайым кішкентай болып көрінетініне сонда көзі жеткен. Үйдің маңында ешкім жоқ. Қақпа қисайып тұр. Ержан аулаға кіргенде аяғының астында мұз сықырлады. Сол сәтте оның есіне бір дыбыс оралды. Баланың жылаған үні. Бірақ бұл нақты естелік пе, әлде кейін өзі құрастырған елес пе айыра алмады. Есікті итеріп ашты. Үй бос. Шаң. Суық. Көгерген қабырғаны өрттен қалған күйе басқан. Ойсырайып пештің орны ғана қалған. Бөлмелерді аралап жүріп, ең соңғы кішкентай бөлмеге кірді. Сол жерде тоқтап қалды. Бұрышта ескі ағаш ат жатты. Бояуы өшкен. Қарындасының ойыншығы. Ержанның тынысы тарылды. Себебі ол бұл атты әлдеқашан өртеп жібергенін анық білетін. Өз көзімен көрген.
Сол күнгі оқиғалар қайтадан санасына келе бастады. Әкесі ішіп келген түн. Боран. Электр сөніп, үй ішін қараңғылық мекендеген. Үйдің іші қара көлеңке. Қарындасы Айсұлу жылап отыр. Әкесі айқайлап, үйді басына көтеріп, қолына түскен заттарды сындырып жатыр. Ержан есікке қарай қашты. Ол тек қашуды ғана ойлады. Тек кетуді. Тек құтылуды. Сыртқа шыққанда артынан Айсұлудың дауысы естілген.
— Аға!.. — естісе де естімегендей қашты. Бар ойы қашу ғана еді.
«Қашу керек. Қашу керек. Тек қашу керек. Қашу керек…»
Себебі артына қараса жамандық болатындай сезінетін. Содан кейін… Содан кейін не болды?
Осы жерге келгенде әрдайым дағдарып қалады. Көз алдын тұман қаптайтындай… Өрт болды ма?
Әкесі не істеді?
Айсұлу қайда кетті?
Неге ол ешқашан іздемеді?
Неге ешкім сұрамады?
Неге бұл туралы ешкім айтпады?
Ержан маңдайын қабырғаға тіреді. Кенет артынан әлдебір дауыс шықты.
— Енді есіңе түсті ме? — деп байсалды тіл қатты әлдебір дауыс. Жалт бұрылды. Баяғы қария. Бөлменің ортасында тұр екен.
— Сіз кімсіз? — деді Ержан қарлығып.
— Мен сен ұмытқың келген нәрсемін. Адамның жады қызық. Кейбір қайғыны көмеді. Бірақ көмілген қайғы өшпейді. Сол күйінде сақталады. Қария жақындай түсті.
— Сен сол түні қашып кеткен жоқсың. Ержанның жүрегі зу ете қалды.
— Жоқ…
— Сен есікті сыртынан жауып кеттің.
Бөлме айналып кеткендей болды.
— Жоқ…
— Себебі әкеңнен қорықтың.
— Жоқ!
— Ал қарындасың іште қалды.
Ержан тізерлеп, отыра кетті. Көз алдына әлдебір көріністер кино таспасындай етіп келе бастады. Айсұлудың жұдырықпен есікті ұрғаны. «Аға!». Түтін. Қараңғылық. Өзінің сырттан есікті жауып, қолымен қаусырып тұрғаны. Қолының дірілдегені. Бірақ қайта кірмегені. Қайта кіре алмағаны. Көзін жұмып алып, қашу керектігін қайталағаны есіне оралды. Адам санасы кейде өзін сақтау үшін шындықты өлтіреді. Ержан жиырма жыл бойы өзін алдаған.
«Мен кетіп қалдым.»
«Мен білмедім.»
«Мен кінәлі емеспін.»
Бірақ шындық адамның ішінде өшпейді. Кейде түн болып есігіңді қағады. Тық-тық. Ержан жылаған жоқ. Ол тек баяу ғана:
— Мен… қорықтым… — қария ұзақ үнсіз тұрды да:
— Білемін, — деді.
— Сіз кімсіз?.. — Ержан аңтарыла қарияға қарады. Сыртта қар баяу жауып тұр.
— Мен сенің қартайған шағыңмын.
Ержан селк етті. Қарияның жүзіне анық қарады. Иә. Көздері. Қастары. Еріні. Дауысы. Бетіндегі тыртығына дейін аумайды. Бұл өзі. Тек қартайған, әбден шаршаған, бетін қатпар-қатпар әжім басқан.
— Адам өмір бойы бір есіктің алдында тұрады, — деді қария. — Біреу оны ашып үлгереді. Біреу кеш қалады.
— Мен не істеуім керек?..
Қария жауап бермеді. Тек қолындағы кішкентай темір кілтті созды.
— Есікті аш.
— Қай есікті?
Қария кеудесін, жүрек тұсын нұсқады. Сол сәтте үйдің іші гуілдеп кетті. Бөлмедегі дыбыстар жаңғырды. Қабырғалар еріп бара жатқандай. Пеш. Терезе. Қар. Бәрі бұлыңғырланып барады. Ал қараңғылықтың ар жағынан кішкентай қыздың даусы естілді.
— Аға…
Бұл жолы үнінде өкпе жоқ. Тек шаршау бар. Ержан көзін жұмды. Жиырма жылдан кейін алғаш рет шындықпен кездесті. Тарс жұмған көзін ашты… Бөлмеден түтіннің иісі шығатындай…
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ













