Қызылорда: Сырдария ауданында былтыр 9720 гектар жер мемлекетке өтті
Былтыр Қызылорда облысындағы Сырдария ауданында жалпы көлемі 9720 гектар құрайтын 13 жер учаскесі меншік иелерінің өтініштеріне сәйкес және пайдалану мерзімі аяқталуына орай аудан қорына қайтарылған, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Ал биыл жоспар бойынша мемлекетке 3500 гектар пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару тапсырылған болатын. Жыл басынан бері ауданда 7250 гектар болатын 8 жер учаскесі қайтарылып, жоспар толығымен орындалды. Алдағы уақытта пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары бойынша тиісті шаралар жалғаса бермек.
«Өткен жылы ауданның босалқы жер санатынан 14763 гектар болатын 63 жер учаскесі конкурсқа шығарылып, ауыл шаруашылығы айналымына 43 учаске 12481 гектар енгізілді. Оның ішінде көлемі 1650 гектар қайтарылған жер есебінен айналымға алынды. Бұған қоса 5 жыл мерзімге уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен «шөп шабу үшін» көлемі 1600 гектар болатын 5 жер учаскесі ауыл шаруашылығы айналымына алынып, азаматтарға табысталды», дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Жадыра Ұзақбаева.
Айта кетейік, 2022-2025 жылдары Сырдария ауданында жер учаскелерін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 88,7 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтсе, осы күнге дейін айналымға 54,2 мың гектар жер учаскесі жеке және заңды тұлғаларға табысталыпты.
Қазір ҚР Жер кодексінің 43-1 бабына және «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы» Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №518 бұйрығына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарында конкурс арқылы берілетін жер учаскелерінің бекітілген тізбесі жарияланып, 2026 жылдың 24 шілдесінде конкурс өткізу жоспарлануда.
Фото: ашық дереккөз












