Қазақстандағы ең төмен жалақы төленетін үш сала белгілі болды
Қазақстандағы ең төменгі жалақы төленетін салалар белгілі болды.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, бүгінде ең төменгі жалақы білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызмет салаларында тіркеліп отыр.
Сонымен қатар ең көп адам жұмыспен қамтылған сала да – білім беру. Бұл бағытта 1,2 миллионнан астам адам еңбек етеді. Шенеуніктің мәліметінше, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша аталған саладағы орташа жалақы шамамен 431 мың теңгені, ал медианалық жалақы 345–360 мың теңге аралығын құраған, — деп атап өтті вице-министр Үкіметте өткен баспасөз брифингінде.
Айтуынша, қазіргі таңда ең жоғары жалақы тау-кен өндірісі, қаржы секторы, өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ көлік және қоймалау салаларында төленеді. Бұл салалардағы орташа табыс 800–900 мың теңгеге дейін жетеді.
Жалақы деңгейі төмен салаларда еңбек ететін адамдардың саны өте көп. Алайда олардың жалақысын қалай көтеруге болады деген мәселе бар. Бюджет мүмкіндіктері де шектеулі. Сондықтан жалпы жалақы өсімін қамтамасыз ету үшін дәл осы санаттағы қызметкерлердің еңбекақысын арттыру мәселесі күн тәртібінде тұр, — деді Азамат Әмрин.
Фото: Арман Мухатов












