74 жастағы әже парапланмен ұшып, жұртты таңғалдырды
Әлеуметтік желіде 74 жастағы әженің таулы аймақта парапланмен әуеде қалықтап жүрген видеосы кеңінен тарап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Желіде жарияланған кадрларда егде жастағы ананың нұсқаушымен бірге биік таулардың үстінде еркін ұшып жүргені көрінеді. Ерекше қызығы – көпшілік үшін қорқынышты саналатын сәтте әже еш қобалжымай, керісінше көтеріңкі көңіл-күймен ән айтып, сапардан ләззат алған.
Бейнежазбаны оның қызы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, анасының батылдығына тәнті екенін жеткізді.
«Анашым 74 жаста. Ал істеп жүргені мынау. Не дейсіздер?» – деп жазды ол.
Қысқа уақыт ішінде видео 2 миллионнан астам қаралым жинап, желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Көпшілік әженің өмірге деген құлшынысы мен қайсарлығына сүйсініп, жылы лебіздерін жаудырды.
Пікір қалдырғандар оның батылдығын жоғары бағалап, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Оқырмандардың бірі «Өмірде ештеңе кеш емес» десе, енді бірі «Мен де осындай әже болғым келеді» деп жазған. Сондай-ақ көпшілік оның сергектігі мен белсенді өмір салтын үлгі ретінде атап өтті.
Бұл оқиға жасқа қарамастан жаңа белестерді бағындыруға болатынын тағы бір мәрте дәлелдеп, көпшілікке шабыт сыйлады.

Фото: Ашық дереккөз/ видеодан алынды












