Үкімет Алакөл көлінде жағалауды қорғайтын бөгет салуға 3 млрд теңге бөлді
Мемлекет басшысының су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Жетісу облысы Алакөл көлі жағалауын қорғайтын бөгет салу жобасын жүзеге асыруға Үкімет резервінен 3 млрд теңге бөлінді.
Тиісті қаулыға ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды. Бөлінген қаражат ұзындығы 6 шақырым қорғаныс бөгетін салуға бағытталады, оның 2,5 шақырымы Көктұма ауылына, 3,5 шақырымы Ақши ауылына тиесілі. Бұған дейін 2025 жылы 1,7 шақырым учаскеде нығайту, жер қазу, бетон құю жұмыстары жүргізіліп, габион құрылымдарын орнату жұмыстары аяқталды. Жалпы алғанда, құрылыс-монтаждау жұмыстарының шамамен 25%-ы орындалды. Жобаның жүзеге асырылуы Алакөл жағалауының одан әрі шайылуының алдын алып, көлдегі шөгінділердің табиғи тасымалдануы мен қайта бөліну жүйесін сақтауға мүмкіндік береді.
Қорғаныс инфрақұрылымын қалыптастыру өңірдің туристік әлеуетін дамытуға және демалушылар мен жергілікті тұрғындар үшін жағдай жасауға ықпал етеді. Соңғы екі жыл ішінде Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай Солтүстік Қазақстан және Павлодар сияқты алты өңірде жалпы ұзындығы 243 шақырым болатын қорғаныс бөгеттері мен құрылыстары салынып, нығайтылды.
Үкімет су және туристік инфрақұрылымды дамытуға, табиғи ресурстарды сақтауға және өңірлердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жобалардың жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстап отыр.













