«ӘDILET» партиясының Қызылорда облыстық сайлауалды штабы ресми түрде ашылды
Бүгін «ӘDILET» партиясының Қызылорда облыстық сайлауалды штабының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға партия белсенділері, штаб құрамына қосылған жастар, қоғам белсенділері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында алдағы сайлауға дайындық барысы мен өңірдегі үгіт-насихат жұмыстарының негізгі бағыттары таныстырылды. Айта кетейік, бүгіннен бастап облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі 9 қоғамдық штаб өз жұмысын бастады. Олардың құрамында білім, ғылым, мәдениет, бизнес және азаматтық сектор өкілдері, сондай-ақ белсенді жастардан құралған 419 штаб мүшесі бар.
Облыстық сайлауалды штабтың төрағасы Наурызбай Байқадамов партияның басты мақсаты тұрғындармен сындарлы диалог орнатып, сайлауалды бағдарламаны заң талаптарына сәйкес кеңінен түсіндіру екенін атап өтті.
«Біздің басты мақсатымыз – партияның сайлауалды бағдарламасын әрбір тұрғынға түсінікті тілмен жеткізу және халықпен ашық диалог орнату. Үгіт-насихат жұмыстары толықтай заң талаптарына сәйкес жүргізіледі. Әрбір сайлаушы партияның ұстанымы мен бағдарламасымен танысуға мүмкіндік алады», – деді облыстық сайлауалды штабтың төрағасы Наурызбай Байқадамов.
Фото: «ӘDILET» партиясы ҚОФ
Оның айтуынша, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары өңірдегі барлық елді мекендерді қамти отырып, офлайн және онлайн форматта жүргізіледі. Ақпараттық-түсіндіру материалдары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұрақты жарияланып отырады. Ал сайлау күні облыс бойынша 745 байқаушы және жалпы сайлау науқанында 850 сенімді өкіл сайлау учаскелерінде жұмыс істейді. Бұған қоса, штаб жанынан құрылған 300-ден астам ерікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысады.
Жиында облыстық штабтың тең төрағасы, партияның облыстық филиалының басшысы Жандос Базартай сайлауалды науқан аясында жоспарланған жұмыстарға тоқталды.
«Үгіт-насихат кезеңінде облыс бойынша 954 іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның аясында 261 мыңнан астам сайлаушы тікелей қамтылады, ал қалған тұрғындарға онлайн платформалар арқылы ақпарат жеткізіледі. Біздің негізгі ұстанымымыз – халықпен шынайы әрі еркін диалог орнату», – деді облыстық штабтың тең төрағасы Жандос Базартай.
Жиын соңында штаб мүшелеріне «ӘDILET» партиясының сенімді өкілі куәліктері салтанатты түрде табысталды.

Фото: «ӘDILET» партиясы ҚОФ













