Жапониядағы күшті жер сілкінісінен 13 адам қаза тапты, дүмпулер қайталануы мүмкін
Жапонияның оңтүстік-батысындағы Кюсю өңірінде магнитудасы 7,1 болатын жер сілкінісі салдарынан 13 адам қаза тапты.
Зардап шеккен аудандарда ғимараттар мен көпірлер қирағанын, жергілікті NHK басылымы хабарлады.
Басылым мәліметінше, Кумамото префектурасында жапондық сейсмикалық қарқындылық шкаласы бойынша жер сілкінісі 7 баллға жеткен — бұл ең жоғары деңгей. Мұндай күшті жер сілкінісі Жапонияда соңғы рет 2024 жылы Ното түбегінде жаңа жыл күні тіркелген.
Жапонияның премьер-министрі Такаичи Санаэ Кумамотодағы бірнеше жер асты дүмпулері салдарынан 13 адам қаза тауып, тағы 31 адамның жараланғанын мәлімдеді. Жапонияның метеорологиялық агенттігі тұрғындарды жаңа күшті жер сілкіністеріне дайын болуға шақырды.
«Алдағы бір апта ішінде, әсіресе жақын екі-үш күнде, сейсмикалық қарқындылығы 7 баллға дейін жетуі мүмкін жер сілкіністеріне дайын болуды ұсынамыз» деп жазылған ведомство хабарламасында.
Жер сілкінісінен кейін Кумамото қаласына көршілес Касима қаласындағы сауда орталығында жарылыс болды. Соның салдарынан екі адам қаза тапты.
Жергілікті полицияның мәліметінше, жарылысқа дейін шамамен 200 сатып алушы, қызметкер және басқа адамдар сауда орталығынан шығарылған.
Сондай-ақ жер сілкінісі Яцусиро қаласындағы Nippon Paper Industries кәсіпорнында мұржаның құлауына және басқа да зақымдарға әкелді. Онда екі адам қаза тауып, тағы тоғыз адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Қалада көпірдегі жол жабыны да құлап, көлік қозғалысы тоқтатылды. Өңірдегі ауруханаларға жарақат алған 130-дан астам адам жеткізілді.
Kyushu Electric Power Company компаниясының хабарлауынша, жергілікті уақыт бойынша сәрсенбі күні таңғы 7:30-дағы жағдайға сәйкес Кумамото префектурасындағы шамамен 37 мың үй жарықсыз қалған.
Фото: ашық дереккөз












