Қызылорда: Сырдария жағалауы жаңа кейіпке еніп келеді
Бүгінде Сырдария жағасына орын тепкен Қызылорда қаласының келбеті жыл өткен сайын жаңаруда. Әсіресе, көпшілік серуендейтін демалыс орындары көптеп салынып жатыр, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Қазір қала тұрғындармен қатар, келген қонақтардың да жиі аялдайтын бір орны жер — өзен жағасы. Мұнда кешкілік серуендегендерден бөлек, таңмен таласа спортпен шұғылданып, велосипед тепкендер, жүгіргендерді де кезіктіруге болады.
2016 жылдан бастап абаттандырыла бастаған өзен жағасы қазір басқаша кейіпке енді. Бүгінде Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылы бойындағы, яғни дария жиегіндегі веложолақ, жаяу жүргіншілер жолы халықтың сүйікті орнына айналған.

– Осы жобаның екінші кезеңі — оң жағалаудағы Бейбарыс сұлтан көшесінен гидротоспаға дейін ұзындығы 2,5 шақырым жол құрылысы да аяқталды. Ал былтыр Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының Бейбарыс сұлтан көшесінен бастап Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралығындағы екі жолақты жол төрт жолаққа кеңейтілді. Осы жұмыспен бірге дария бойындағы 8 демалыс аймағына қайта абаттандыру жүргізілді. Екіншіден, осы жылы жағалауға қатысты үшінші жоба іске асырылды. Ол дария бойымен, яғни Әбілқайыр хан көшесінен М.Саламатов көшесіне дейін ұзындығы 2,9 шақырым жол салынды. Бұл жобада да дария бөгетін нығайту, веложолақ, жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары қатар жүрді, – дейді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бердібек Шөкенов.
Шаһардағы тағы бір инфрақұрылым – Сырдария өзені сол жағасындағы жаяу жүргіншілер және веложол. Құрылыс Бейбарыс сұлтан көшесіндегі көпірден бастап Тасбөгет кентіндегі гидротоспаға дейін жүреді.

– Құрылыс сәуір айында басталды. Қазір дария жиегінде бөгет көтеру, өзен жағасын бекіту жұмысы қарқын алды. Сондай-ақ бөгетті су шаймау үшін арнайы тас төселіп жатыр. Осы жұмыстардың артынан іле-шала ені 6 метрлік жүргіншілер жолы мен веложол құрылысы басталды. Жалпы жолдың ұзындығы 2,5 шақырымнан асады, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Тілеухан Насырадин.
Жобаға 3 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Жауаптылардың сөзінше, жағалаудағы жол құрылысы аяқталған соң арнайы қоршау қойылып, 110 жарықшам орнатылады. Бұған қоса тұрғындар демалатын орындықтар, қоқыс жәшіктері және қауіпсіздік бейнекамералары қарастырылған.
Фото: Н.Нұржаубай












