Қызылорда қаласында биылғы жартыжылдықпен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 168 млрд теңгені құраған. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 116 млрд, 124 млн теңгеге артты, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Қала әкімдігінің мәліметінше, өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 276 млрд, 183 млн теңгеге жеткен. Өңдеуші өнеркәсіп саласында 49 млрд, 136 млн теңгенің өнімі өндіріліпті. Ал бөлшек сауда көлемі болса 241 млрд, 267,8 млн теңгеге жетіп, 102 пайызға артығымен орындалды.

Сырдың бас шаһарында кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытында нақты нәтижелерге негізделген жүйелі жұмыстар атқарылуда. Айталық, жыл басынан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 224,4 млн теңгені құрайтын 27 жобаға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие берілген. Сондай-ақ «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жалпы құны 122,8 млн теңгені құрайтын 5 жоба қаржыландырылды.

«Аграрлық несие корпорация» АҚ арқылы жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 11 жоба қолдау тапты. Ал екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлік мақсатта ұсынылған несиелерін «Даму» қорымен субсидиялау шаралары жалғасып, жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайтын 11 жоба мақұлданды.

«Бұл өз кезегінде қала кәсіпкерлерінің санын 32 мыңнан, ал жұмыспен қамтылғандар санын 63 мың адамнан асыруға ықпал етті. Сондай-ақ шағын және орта бизнес саласында 868,2 млрд теңгеге өнім өндіріліп, өңірлік экономикаға елеулі үлес қосылды.

Экономиканы әртараптандыру мақсатында бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері «Марал Нұр» серіктестігінің жолаушы вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге арналған жаңа өндірістік кешені пайдалануға берілді. Жобаның нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Кешеннің қуаттылығы жылына 600-ден астам жолаушы вагонына техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Алаш Метан» серіктестігінің метан газ құю бекеті бар жол бойындағы қызмет көрсету кешені іске қосылды» деп мәлімдейді Қызылорда қаласы әкімдігі.

Өңдеу өнеркәсібі саласында «Rem Plast Invest» ЖШС-нің құны 559 млн теңгеге жылына 5,4 мың қағаз және картон зауытының құрылысы іске асуда. Құрылыс қараша айында аяқталмақ. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешенінде «Қызылорда Құрылыс НК» серіктестігінің 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Жоба іске қосылғаннан кейін өңірдің сүт өнімдері өндірісін ұлғайтуға және ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосады.

Айта кетейік, биыл мамыр айында жалпы құны 104,1 млрд теңгені құрайтын испаниялық инвестор «Рока Қазақстан» ЖШС-нің санитарлық-техникалық жабдықтар өндіретін және «Seven Rivers Technologies» ЖШС-нің неміс технологияларын пайдалана отырып шыны ыдыстар шығаратын зауыт салу жобаларына капсула салу рәсімі өтті. Жобалардың құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл бастамалар жүзеге асқанда 600 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *