Қазақстанда мектеп формасына қатысты талаптар мен ата-аналардың киім сатып алу мүмкіндігі туралы Оқу-ағарту министрлігі түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, мектеп формасының үлгісін бекіту кезінде ата-аналардың пікірі ескерілуі керек. Бұл туралы Democrat.kz жазды.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, оқушылардың мектеп киімі күнделікті, мерекелік және спорттық болып үш санатқа бөлінеді. Форманың дизайнын анықтау барысында оқушылардың жас ерекшелігімен қатар, өңірдің ауа райы, мектептегі температуралық жағдай және балалардың қауіпсіздігі назарға алынуы қажет.

Мектеп формасының үлгісін кім бекітеді?

Мектептегі киім үлгісі жалпымектептік ата-аналар жиналысында бекітіледі. Бұл шешім қабылдау процесіне Ата-аналар комитеті мен Қамқоршылық кеңес те қатысады.

Егер бекітілген формаға қандай да бір өзгеріс енгізу қажет болса, ол да ата-аналар мен тиісті алқалы органдармен алдын ала келісіліп, ортақ шешім арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Форманы нақты бір дүкеннен сатып алу міндетті емес

Министрлік ата-аналардың мектеп формасын сатып алу мәселесінде еркін таңдау құқығы бар екенін атап өтті. Яғни киімді кез келген дүкеннен немесе өздері таңдаған өндірушіден алуға болады.

Мектеп әкімшілігінің ата-аналарды белгілі бір брендке, өндірушіге немесе сауда орнына бағыттауына жол берілмейді.

Мұқтаж отбасыларға қандай көмек көрсетіледі?

Әлеуметтік осал санатқа жататын отбасылардың балаларына мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын алуға мемлекеттік қолдау қарастырылған.

Бұл көмек «Жаппай оқу» қорынан көрсетіледі. Қаражат мектеп формасын, аяқ киімді және оқу құралдарын сатып алуға бағытталады.

Министрлік мәліметінше, биыл аталған қолдау шараларымен шамамен 450 мың баланы қамту жоспарланған. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден 23 миллиард теңге қарастырылған.

Оқушылардың қауіпсіздігі де ескерілуі керек

Мектеп формасына қойылатын негізгі талаптардың бірі – оның қауіпсіз болуы. Киімде оқушыға жарақат келтіруі мүмкін өткір немесе қауіпті фурнитуралар болмауы қажет.

Сонымен қатар мектеп ғимаратының ішінде бас киім киюге рұқсат етілмейді.

Министрлік өкілдері білім беру ұйымдарының зайырлы сипатта жұмыс істейтінін де атап өтті. Осыған байланысты оқушылар мен ата-аналар мектептің жарғысында және ішкі тәртіп ережелерінде белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.

Фото: Ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *