«Әділет» партиясының облыстық және қалалық штаб өкілдері, сондай-ақ Құрылтайға депутаттыққа үміткерлер Мұрат Әбенов, Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы және Мағжан Ералиев су шаруашылығы саласының мамандарымен кездесті. Жүздесуде өңірдегі су ресурстарын басқару, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салаға қатысты мәселелер талқыланды, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Мұрат Әбенов Сыр өңіріндегі су тапшылығының ауыл шаруашылығына әсеріне тоқталды. Күріш алқаптарын сумен қамтамасыз ету мәселесі мен егістікті әртараптандыру бағытындағы жұмыстар сөз болды. Сонымен қатар ол ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету, оның ішінде мектептердегі жағдай мен оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселелерін көтерді.

Серік Қожаниязов су ресурстарын басқару жүйесіне қатысты мәселелерге тоқталып, тозған каналдар мен суару желілерін жаңарту қажеттігін айтты. Оның сөзінше, инфрақұрылымның техникалық жағдайын жақсарту су тасымалдау кезіндегі ысырапты азайтып, егістік алқаптарына суды тиімді жеткізуге мүмкіндік береді.

Кездесуде Сырдария өзенінің сағасындағы су ағынын реттеу және Арал теңізінің экологиялық жағдайына қатысты мәселелер де қаралды. Су ресурстарын ұтымды пайдалану мен су тапшылығының алдын алу жөніндегі ұсыныстар ортаға салынды.

Нұркен Бақытбекұлы су үнемдеу технологияларын қолдану мәселесіне, ал Мағжан Ералиев су шаруашылығы инфрақұрылымының қазіргі жай-күйі мен оны жаңарту қажеттігіне тоқталды.

Кездесу барысында сала мамандары өздерін толғандырған мәселелерді айтып, ұсыныстарын жеткізді. Талқылауда су шаруашылығы саласының қазіргі жағдайы, инфрақұрылымның тозуы, су үнемдеу және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету мәселелері қамтылды.

Фото: «Әділет» партиясы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *