Бүгін Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шара өтті.

Қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні қарсаңында өтіп жатқан шарада аудан әкімі Алмасбек Есмаханов мерейлі отбасыларды құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Елімізде отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қолдау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

-«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы — төл құндылықтарымызды насихаттап, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатын маңызды жоба. Биыл байқаудың аудандық кезеңіне ауданымыздан барлығы 24 отбасы қатысып, оның ішінде 4 отбасы үздік деп танылды. Елімізде отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қолдауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және өскелең ұрпаққа сапалы тәрбие беруге айрықша мән беріп келеді. Аймағымызды төрт жылдан астам уақыт басқарған ҚР Премьер министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Қазір ауданымызда 674 «Алтын алқа», 1187 «Күміс алқа» иегерлері болса, 5493 көпбалалы отбасы мемлекет тарапынан тұрақты қолдауға ие болуда. Соңғы төрт жылда ауданымыздағы әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін 280 баспана табысталса, оның ішінде 86 баспана көпбалалы отбасыларға берілді. Биыл әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін тағы да 50 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Ауданымызда жас отбасыларға қолдау көрсетуге және ұрпақ тәрбиесіне қатысты маңызды бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған «Руханият» орталығы ғимараты да пайдалануға берілді. Қазақ халқы қашанда отбасын қасиетті шаңырақ деп бағалап, оның бірлігі мен берекесін басты құндылық санаған. Бүгінгі таңда да ұлттық салт-дәстүріміз бен отбасылық құндылықтарымызды дәріптеп, оларды жас ұрпақтың бойына сіңіру – баршамызға ортақ міндет. Атадан қалған асыл мұраны ардақтап, дәстүр сабақтастығын жалғастырар мерейлі ұрпақтың қатары көбейе берсін! Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Байқаудың аудандық кезеңінің қорытындысы бойынша бас жүлде Досхожаевтар отбасына бұйырды. Әйтеке би кентінде тұратын Досхожаев Әли Ақмырзаұлы мен Ахмедова Салия Мәдәлиқызы 42 жылдан астам уақыт бойы өмірдің қуанышы мен қиындығын бірге еңсеріп, 4 ұл, 9 қыз тәрбиелеп өсірді. Көпбалалы ана Салия Мәдәлиқызы аналық еңбегі үшін «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған. Бүгінде Досхожаевтар әулеті үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, еңбекке адалдық пен отбасына жауапкершілік секілді құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді. Байқаудың бірінші орыны Тасарық ауылдық округінен Шахмарановтар отбасына бұйырса, екінші орынды Қазалы қаласынан Тілеповтер және жүлделі үшінші орынды Майлыбас ауылдық округінен Сыдықовтар отбасы иеленді.

Мұнан соң аудан әкімі байқауға қатысқан барлық отбасыларды «Берекелі отбасы», «Зияткер отбасы», «Бақытты отбасы» сынды түрлі номинациялармен марапаттап, сый-сияпаттар табыстады.

Салтанатты шарада байқауға қатысқан өнерлі отбасылар мен аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, отбасы құндылықтарын нығайту, адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін дәріптеуге бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы елімізде 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Ұлттық байқауға бүгінге дейін ауданымыздан 200-ге жуық мерейлі отбасылар қатысты. 2023 жылы ұлттық байқаудың облыстық кезеңіне қазалылық Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұл ақсақалдың әулеті «Смағұловтар» отбасы қатысып, бас жүлдені иеленіп, республикалық кезеңде Қазақстандағы үздік 20 отбасының қатарынан көрінген болатын.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *