Қызылорда облысында 63 нысан салынып жатыр
Қызылорда облысында биыл 63 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Олардың бірқатары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Облыс орталығында 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Медициналық мекеме құрамында онкологиялық бөлімше және күніне 100 науқасты қабылдайтын емхана болады.
Сондай-ақ Титов қыстағында тәулігіне 400 адамға медициналық қызмет көрсетуге қауқарлы жаңа емхана салынуда. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетін нысан тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Қаладағы ірі жобалардың бірі – «Қызылорда Арена» спорт кешені. Аумағы 25 мың шаршы метрден асатын көпфункционалды ғимарат Олимпиадалық стандарттарға сай бой көтеріп жатыр.
Өңірде мәдениет саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 500 көрерменге арналған драма театрының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, 600 мың кітап қоры сақталатын, тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салынуда.
Аталған жобалар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындарға медициналық, спорттық және мәдени қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Фото: Ашық дереккөз












