Қазақстанда қандай мамандық иелеріне сұраныс артады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің басты факторы ретінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтудегі стратегиялық қадам болды. Жалпы, еңбек нарығын жұмысшы мамандарсыз елестету мүмкін емес. Ал келешекте жұмысшыға сұраныс көбеймесе азаймайтындығы белгілі болып отыр. Болжам бойынша 2030 жылға дейін 1,8 млн жұмыс орнына сұраныс болса, оның миллионын жұмысшы мамандық құрайды деп күтіліп отыр. Мұнда сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өнеркәсібі сынды салаларға сұраныс артады. Бүгінде елде 7 миллионға жуық адам еңбекпен қамтылған болса, соның 1,7 миллионы – жұмысшы мамандар.
Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», деп атап көрсетті. Бұл шешім елдің тұрақты өсуі мен инновациялық дамуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын білікті мамандарды дамытудың маңыздылығын көрсетеді. Мемлекет басшысы бұл бастаманы жариялай отырып, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, жастардың техникалық білімге деген қызығушылығын арттыру, кадр тапшылығын шешу қажеттігін атап өтті. Себебі, жұмысшы мамандықтар орындарын дамыту – ел болашағына, оның технологиялық және экономикалық дамуына салынған инвестиция.
Жұмысшы мамандардың тарихтағы рөлі: өркениеттің іргетасы
Жұмысшы мамандар — адамзат өркениетінің қалыптасуы мен дамуына шешуші үлес қосқан кәсіби топ. Ежелгі заманнан бүгінге дейін қоғамдағы прогресс, экономикалық даму мен әлеуметтік тұрақтылық көбіне осы еңбек адамдарының қажырлы еңбегіне байланысты болды. Олардың рөлі тарихта әрдайым маңызды, алайда бағалануы әр дәуірде әрқалай көрініс тапқан. Мысыр, Месопотамия, Қытай, Үндістан сынды алғашқы өркениеттердің дамуына құрылысшылар, зергерлер, қыш шеберлері, тоқымашылар үлкен үлес қосты. Мысалы, Египет пирамидаларын салуға мыңдаған жұмысшылар қатысқан. Ал Қытайдағы Ұлы Қытай қорғаны — жұмысшы еңбегінің ұлы ескерткіші болса, қазақ даласында қолөнершілер, ағаш ұсталары, киіз үй жасаушылар ұлттық мәдениеттің тірегіне айналды. Бертін келе 18–19 ғасырларда басталған индустриялық революция жұмысшы таптың тарихи рөлін түбегейлі өзгертті. Зауыттар мен фабрикалардың дамуы жұмысшы таптың санын арттырып, кәсіподақтар құрылып, жұмысшылар өз еңбек құқықтарын қорғауға күш сала бастады. Карл Маркс пен Фридрих Энгельс идеялары дәл осы таптың рөліне сүйенген болатын. Жұмысшы — осы кезеңде әлеуметтік өзгерістердің қозғаушы күші болды. Демократия, еңбек заңнамалары, әлеуметтік әділеттілік осы топтың күресі нәтижесінде пайда болды. Ал Совет Одағында жұмысшы мамандар мемлекеттік идеологияның өзегіне айналды. «Жұмысшы – елдің қожайыны» деген ұранмен олардың беделі жоғары болып, социалистік жарыстар, «еңбек ерлері» идеясы кеңінен насихатталды. Бұл идеологияның шарықтау шегі – жұмысшы бейнесінің әдебиетте, кинода, өнерде басты кейіпкерге айналуы болды.
XXI ғасырда технология дамып, кейбір кәсіптер автоматтандырылғанымен, жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс төмендеген жоқ. Құрылысшы, дәнекерлеуші, электрик, слесарь, техник, аспаз — күнделікті өміріміздің негізі болса, цифрлық дәуірде өндірістік-инженерлік бағыттағы жұмысшылар (мысалы, IT-инженер, өндірістік техниктер) жаңа мазмұнмен толықты. Қазақстанда 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы — осы бағытқа деген жаңа бетбұрыс болса керек.
Неліктен бұл жыл маңызды?
Жыл сайын Қазақстанда 150 мыңға жуық түлек мектеп бітірсе, олардың басым бөлігі жоғары оқу орындарын таңдауға тырысады. Ал техникалық және кәсіптік білім беретін колледждер назардан тыс қалып, қолмен еңбек ететін білікті мамандарға тапшылық туындайды. 2023 жылғы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, елімізде слесарь, электрик, дәнекерлеуші, механик, наубайшы, тігінші, құрылысшы секілді мамандықтар бойынша кадр жетіспеушілігі байқалды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2024 жылғы есебі бойынша, колледж түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі 85%-ға дейін жеткен. Бұл – техникалық мамандық иелеріне деген сұраныстың жоғары екенін, бірақ жастар арасында оған деген мотив пен беделдің төмендігін көрсетеді. Бұл ретте «жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру үшін не істелмек?» деген сұрақтың тууы заңды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында: колледждердің материалдық базасын жақсарту; дуалды білім беруді дамыту (оқу мен тәжірибені ұштастыру); жас мамандарды ауылдық жерлерге тартуға арналған жеңілдіктер; «Үздік шебер», «Жас маман» секілді байқаулар ұйымдастыру; жұмысшы еңбегін дәріптейтін ақпараттық кампаниялар мен медиа жобалар қолға алынуда.
Өзге елдегі тәжірибелер не дейді?
Көптеген елдерде жұмысшы мамандардың еңбегін мойындау және құрметтеу мәдениеті қалыптасқан. Әлемнің әр түкпірінде бұл құрмет түрлі формада көрініс табады. Германия дуальды білім беру жүйесін енгізіп, студенттердің теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастырады. Сонымен қатар, шетелдік білікті жұмысшыларды тарту үшін салықтық жеңілдіктер ұсынады. Жұмысшы мамандарға құрмет көрсету олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау арқылы да көрінеді. Еуропаның көптеген елдерінде жұмысшылардың қосымша білім алуға, біліктілікті арттыру курстарынан өтуге, жоғарырақ лауазымдарға көтерілуге мүмкіндігі бар. Бұл олардың еңбегін ғана емес, сондай-ақ кәсіби және жеке тұлғалық дамуын да мойындаудың белгісі. Ал Канада жұмысшы мамандықтарындағы жұмысшылардың басқа өңірлерге көшу шығындарын өтеу үшін жылына 4,000 канадалық доллар көлемінде салықтық жеңілдіктер ұсынады. Одақтармен бірлесіп, оқу жабдықтарын жаңарту және оқыту сапасын арттыру үшін қаржыландыру бағдарламаларын жүзеге асырады. Аспан асты елі саналған Қытай техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртып, өндіріс пен білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. «1 + X» сертификаттау жүйесі арқылы студенттер бірнеше кәсіптік біліктілік алып, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады. Австралия құрылыс саласындағы жас жұмысшыларға 10,000 австралиялық доллар көлемінде біржолғы бонус ұсынады. Көші-қон саясаты арқылы қажетті жұмысшы мамандықтарындағы шетелдік жұмысшыларды тарту үшін арнайы визалық бағдарламалар енгізілген. Швецияда шетелдік жұмысшылар үшін табыстың 25% мөлшерінде салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Елдің еңбек мәдениеті қызметкерлерге икемді демалыс алу, жомарт әке болу демалысы және тұрақты жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары АҚШ-та құрылыс, өнеркәсіп, инфрақұрылым секілді жұмысшы мамандықтарына сұраныс артып келеді. Бұл елдерде жұмысшы мамандықтар жалақысы жоғары, тұрақты жұмыс орындары ретінде танымал бола бастады. Сонымен қатар техникалық мамандықтарды таңдаған жастарға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіле бастады. Скандинавия елдерінде өндіріс және құрылыс салаларында жұмысшылар жақсы жалақымен қамтамасыз етілген, мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға ие. Бұл елдерде еңбек шарттары мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Бірқатар мемлекеттерде жұмысшы мамандарға арналған ұлттық мерекелер, кәсіби мерекелер немесе арнайы шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, Ресейде Жұмысшылар күні немесе көктем мен еңбек мерекесі атап өтіледі. АҚШ-та «Labor Day» күнінде жұмысшы мамандардың қоғамға қосқан үлесі еске алынады. Мұндай мерекелер жұмысшы қауымның қоғамдағы рөлін айшықтап, олардың еңбегін жоғары бағалауға мүмкіндік береді.
Бүгінде әлемнің көптеген елінде жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, кәсіби білім беруді қолдау және мамандарды әлеуметтік қорғау шаралары қабылдануда. Көп мемлекетте техникалық білім беру мекемелеріне, кәсіби даярлау бағдарламаларына инвестиция салынып, жастар арасында осы саладағы мамандықтарды таңдауды насихаттау жұмыстары жүріп жатыр. ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, елдердің 78%-ы әлеуметтік осал топтарға тегін оқыту немесе стипендиялар ұсынады. 85%-ы цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған саясаттарды қабылдаған. 74%-ы өмір бойы оқыту мен икемді оқу жолдарын енгізуде. Бұл реформалар мен қолдау шаралары жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастарды осы салаларға тартуға бағытталған. Ал бізде ше?
Қазақстандағы реформалар: Жаңа бағыттар мен бастамалар
Үкімет Жұмысшы мамандықтарының жылына арналған республикалық жоспарды бекітті. Сондай-ақ 2025–2027 жылдарға арналған кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялау Жол картасы қабылданды. Жоспар 7 негізгі бағыт пен 70 іс-шараны қамтиды. Оның ішінде: жаңа мамандықтар атласын әзірлеу; кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын іске асыру; техникалық білім беру сапасын арттыру; жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру; еңбек құқықтарын қорғау және сапалы жұмыс орындарын ашу. Сонымен қатар 2025 жылдан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері ұлғаяды. Бір студентті даярлауға бұрын 437 мың теңге бөлінсе, енді ол 912 мың теңгеге дейін артады. Сонымен қатар, студенттердің шәкіртақысы да екі есеге ұлғайды. Кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға келер болсақ, бүгінде 772 колледжде 565 мың студент білім алуда. 2024 жылы техникалық және кәсіптік білім беруде мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынды құрады. Студенттердің стипендиясы екі есе өсті. Қазақстанның 10 колледжі интернационалдандырылып, шетелдік колледждермен тәжірибе алмасу арқылы студенттердің академиялық ұтқырлығы мен педагогтердің кәсіби құзыреттіліктері арттырылуда. Сондай-ақ Астанада техникалық және кәсіптік білім беру студенттерін қолдау және дамыту үшін Ұлттық құзыреттілік орталығы құрылып, студенттердің кәсіби құзыреттіліктері мен дағдыларын дамытуға ықпал етеді деп күтіліп отыр. Сонымен қатар кәсіпорындармен бірлесіп, дуальды оқыту жүйесін дамыту және кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы негізінде мамандар даярлау үшін бизнес-құрылымдар мен инвесторларды белсенді түрде тарту жоспарлануда.
Статистика сөйлейді
Қазіргі таңда елімізде слесарь, электрик, дәнекерлеуші, тігінші, наубайшы, құрылысшы сияқты көптеген мамандықтарға сұраныс жоғары. Алайда жастардың көпшілігі университетке ұмтылып, жұмысшы кәсіптер назардан тыс қалып келеді. 2023 жылғы дерекке сүйенсек, техникалық мамандықтар бойынша 100 мыңнан астам бос жұмыс орны тіркелген. Колледж түлектерінің 85%-ы оқуды аяқтағаннан кейін бірден жұмысқа орналасады. Өткен 2024 жылы Open Society зерттеу орталығы өткізген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде 71% респондент – «жұмысшы мамандығы қоғамда әлі де толық бағаланбайды» десе, 64% – балаларын дәрігер, заңгер, IT маман ретінде елестетеді. Алайда жұмысшы мамандықтарының табысы мен тұрақты сұранысы оларды экономикалық тұрғыда тартымды етеді. Жастардың таңдауы өзгеріп, соңғы жылдары жастар арасында да техникалық және кәсіптік білімге бет бұрушылардың саны артып келеді. Бұған жоғары білімнің қымбаттауы, колледж арқылы жұмысқа орналасудың жеңілдігі, шет елдерге жұмысшы маман ретінде шығу мүмкіндігі (Германия, Корея, Жапония) секілді факторлар ықпал еткен. Қазақстанда еңбекпен қамтылған азаматтардың 52%-ы кәсіптік немесе техникалық білімі бар жұмысшы мамандық иелері. Қазіргі уақытта 2,3 миллион адам жұмысшы мамандығы бойынша еңбек етеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше былтыр елімізде еңбекке қабылетті адам саны шамамен 9,6 млн адамды құраған. Соның ішінде 2 миллионға 300 мың бүгінде жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді екен. Тағы бір қызықты статистикаға тоқталсақ, барлық жұмыс істейтін қазақстандықтардың жартысынан астамында, яғни 52%-да кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Демек, бұл дегеніміз, жұмысшы мамандықтары қазақстандық еңбек нарығының негізі, фундаменті болып қала береді.
Қандай мамандықтар трендте?
2025–2030 жылдар аралығында еңбек нарығында 1,6 миллион жаңа кадрға сұраныс туындайды деп күтіліп отыр. Оның ішінде 900 мыңға жуығы кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге, 400 мыңнан астамы жұмысшы мамандық иелеріне тиесілі болады. 2025 жылы сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар қатарында әсіресе құрылыс саласында өсу байқалады. Сылақшылар – 9 758 адам, құрылыс бригадаларының прорабтары – 9 477 адам, дәнекерлеушілер – 7 229 адамды құрап отыр. Ал ауыл шаруашылығына: фермерлер – 10 695 адам, тракторшылар – 7 141 адам, ірі қара малды өсіру бойынша – 4 940 адамды құрайды. Өңдеу өнеркәсібі: дәнекерлеушілер – 3 342 адам, тігіншілер мен киімді қалпына келтірушілер – 2 606 адам, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарлары – 2 367 адам, сантехниктер мен құбыр өткізушілер – 2 051 адамға мұқтаж. Денсаулық сақтауға келер болсақ: орта медициналық персонал – 24 614 адам, жедел жәрдем жүргізушілері – 4 604 адам, фельдшерлер – 4 536 адам. Жалпы Қазақстанда 2 000-нан астам түрлі жұмысшы мамандықтар бар болса, 2024 жылы 270 мыңнан астам жұмыс орнына маман табылмаған. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың мәліметінше, алдағы 6 жылда кадрларға сұраныс 1,6 млн адам деп бағаланып отыр. Қазірдің өзінде елімізде құрылыс және өнеркәсіп саласында 40 мыңға жуық маман жеткіліксіз. Мысалы мына кестеге назар аударайық. Құрылыс және сумен жабдықтау салалары 17 мың маман, Металлургия және тау-кен өндірісі — 4,6 мың маман, Өңдеу өнеркәсібі – 6,8 мың маман қазіргі кезде жетіспейді. Деректерге сәйкес, электронды еңбек биржасында Астана қаласы бойынша 2 479 кәсіпорыннан 3 496 жұмыс орнына 1 711 бос жұмыс орны жарияланған. Айта кетерлігі, оның 1 800-ден астамы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Сұраныс жоғары мамандықтардың ішінде электрик, дәнекерлеуші, мұнаралық кран машинисі, тас қалаушы, бетоншы, автоэлектрик бар. «Еңбек мобильділігі орталығы» жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыруға басымдық береді. Бұл ретте елімізде бірқатар шаруа атқарылды. Мәселен, техникалық және кәсіби білімге басымдық беріліп жатыр. Биыл сала мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға артты. Оның ішінде 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Сонымен қатар өңірлерде әлемдік деңгейде беделді оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Жыл сайын шамамен 500 ғалым шетелде машықтануға мүмкіндік алады. Әлемдегі мамандықтарға деген сұраныс әр аймақта әртүрлі болуы мүмкін, алайда біз атаған мамандықтар келесі жылдары жалпы әлемдік трендке сай жоғары сұранысқа ие болмақ. ХХІ ғасырда ғылыми-технологиялық даму, жаһандану және климаттық өзгерістер нәтижесінде көптеген жаңа мамандық пайда болады және әрі қарай да қалыптаса береді. Жасанды интеллект және машиналық оқыту инженерлері, киберқауіпсіздік және деректерді қорғау мамандары, биоинженерлер және генетиктер, робототехника және автоматтандыру мамандары, жасанды интеллект этикасы және технологиялар философиясы, ақылды қалаларды дамыту бойынша мамандар, блокчейн технологиялары мен криптовалюта сарапшылары, киберспорт және ойын индустриясының мамандары, заттар интернеті (IoT) және ақылды құрылғыларды әзірлеу, онлайн білім беру және EdTech мамандары осы ғасырда ерекше дамып, сұранысқа ие болмақ. ХХІ ғасырда мамандықтардың көбі технологияларға, цифрландыруға, жасыл экономикаға және денсаулықты жақсартуға бағытталады. Қоғам мен технология дамыған сайын жаңа мамандықтар туындап, болашақта да қажеттіліктерге қарай мамандықтар өзгере беретіні анық.
Кәсіпке құрмет, елге серпін
Қазақстанда еңбек адамдарының еңбегін құрметтеу және оларға қолдау көрсету мақсатында әртүрлі марапаттар мен ынталандыру шаралары қарастырылған. Олардың ішінде Мемлекеттік наградалар мен ордендер бар. Мәселен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы – бұл елдің ең жоғарғы наградасының бірі. Ол ерекше еңбек сіңірген тұлғаларға беріледі. Бұл атаққа ие болғандар арнайы Алтын жұлдыз белгісімен және айтарлықтай материалдық қолдаумен марапатталады. Ал «Еңбек Даңқы» ордені – жұмысшылар мен еңбек ұжымдары арасындағы айрықша жетістіктер үшін берілсе «Құрмет» ордені – еңбек саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген мамандарға тапсырылады. Сонымен қатар биылдан бастап елімізде еңбек адамдары үшін жаңа мемлекеттік наградалар пайда болды. Талай жыл маңдай терін төгіп, жұмысын адал атқарып жүрген азаматтар енді «Еңбек сіңірген құрылысшы», «Еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері», «Еңбек сіңірген геолог», «Еңбек сіңірген кенші» сияқты наградалармен марапатталмақ. Қоғамдағы еңбек адамының мерейін өсіріп, ынталандыру үшін Үкімет Жұмысшы мамандықтар жылында қолға алынатын іс-шаралар жоспарын бекітті.
Жұмыстағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі – кәсіпорындар мен өндіріс орындарында орын алатыны жасырын емес. Сондықтан биылғы жұмысшы мамандықтар жылында еңбек адамының құқын қорғауға, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдаяттардың алдын алуға басымдық беріледі. Ал еңбек қауіпсіздігін бұзғандар үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың сөзінше елдегі кәсіпорындардың цифрлық картасы жасалады. Электронды құжатта кәсіпорындағы тәуекелдер, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы сияқты басқа да 60-тан аса маңызды көрсеткіш қамтылмақ.
Түйін: Жұмысшы мамандар – бұл өндірісте, құрылыс саласында, көлік және байланыс салаларында, ауыл шаруашылығында, қызмет көрсету салаларында және тағы басқа көптеген бағыттарда еңбек ететін білікті адамдар. Олар өз ісін терең меңгерген, арнайы дайындықтан өткен, тәжірибелі қызметкерлер. Мұндай мамандар техникалық құрал-жабдықтарды басқарады, жөндеу жұмыстарын жүргізеді, өнімдерді жасайды немесе өңдейді және кәсіпорынның негізгі өндірістік процестерін қамтамасыз етеді. 2025 жыл – «еңбек адамының жылы» дедік. Бұл жылы тек науқандық іс-шаралармен шектелмей, шынайы қоғамдық таным мен көзқарас өзгерсе, Қазақстан мықты кадрлық жүйе қалыптастырады деген сенім бар. Ал мықты маман – мықты елдің кепілі. Қазақстандағы жұмысшы мамандықтарын дамытуға бағытталған реформалар әлемдік тәжірибелермен үндесіп, еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыруға, жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға ынталандыруға бағытталған. Бұл бастамалар елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін беріп, білікті жұмысшы кадрларды даярлауға мүмкіндік туғызады. Жалпы еліміздегі әрбір төртінші адам жұмысшы. Яғни жұмысшыға сұраныс қазірдің өзінде көп. 2030 жылға қарай жұмысшы мамандықтардың ішінде дәнекерлеушіге сұраныс жоғары болады. Сол секілді сантехник, тракторшы, құрылыс-монтаж маманы, өндіріс слесарі, автокөлік слесарі, электрмонтер, тас қалаушы, сылақшы, үйдің қасбетін әрлеушілер, ағаш ұсталары, тау кен маманы, шахтерлер, кран басқаратындар сынды мамандықтарға сұраныс көбейеді. Қазақстан экономикасының тұрақты дамуында жұмысшы мамандардың үлесі орасан зор. Елдің өндірістік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және көлік салалары дәл осы мамандардың біліктілігі мен еңбегіне сүйенеді. Шикізат өндірісі мен өңдеу өнеркәсібі, энергетика, инфрақұрылымдық жобалар жұмысшы мамандықтарысыз мүмкін емес. Жыл сайын Қазақстанда жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар ашылады, оларды сапалы мамандармен қамтамасыз ету елдің экономикалық болашағы үшін маңызды. Өткен жылы мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға ұлғайып, оның 65%-ы техникалық мамандықтарға бөлінді. Осы орайда мектеп түлектерін білікті маман ретінде қалыптастыруда кәсіптік білім беретін оқу орындарының маңызы зор.
Жұмысшы мамандар — тарихтың үнсіз батырлары. Олар үйлер салды, құрал-жабдық жасады, тамақ өндірді, машиналарды басқарды. Бұл адамдар болмаса, өркениет те, мәдениет те, ғылым да болмас еді. Бүгінгі таңда олардың еңбегін тек құрметтеп қана қоймай, кәсіби білім беру, жалақы мен әлеуметтік қолдау арқылы олардың тарихи рөлін қазіргі қоғамда лайықты жалғастыру қажет. Қазақ халқы «Еңбек етсең – емерсің» деген. Қоғамның дамуы тек интеллектуал мамандықтарға емес, қолымен, шеберлігімен, терімен тіршілік жасайтын азаматтарға да тікелей байланысты. Сондықтан жұмысшы мамандықтарын дәріптеу — бұл ұлт болашағына салынған инвестиция.
Анарыс АҚЫЛМАН
Фото: Жасанды интеллект DALL-E-3