«Қауырсын қалам» айдарының қонағы – ақын Мүсіркеп Сейдахмет. Ол Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі

БӘЙГЕ-ӨМІР

Жанарымнан аунап ағып жалқын күн,
Өмір-бәйге: аламанда алқындым.
Отты едім жаздың шілде айында,
Өтті күнім – күзде күрең, салқынмын.

Өмір-бәйге – сәйгүлікті баптадық,
Жүйрік көңіл төске өрлеп, шапты ағып.
Өрге өтіп, құлдиладық еңіске,
Не көкседік, не іздедік – таппадық.

Өмір-бәйге – бауыр жаздық, көсілдік,
Көсілдік те дүниені көшірдік.
Даңғазамен уақытты өлтіріп,
Тигізбеппіз пайдамызды көшірлік.

Сөгітіліп кездеме-күн, сетінеп,
Жырақтады жылдар жылап жетімек.
Шудаланып шаңы қапты артында,
Өмір-бәйге мәресіне жетіп ек…

ӨЗГЕРІС
Арша гүлдеп,
Жаратылыс атауылы барша бүрлеп.
Көзді ашып-жұмғанша, о, дариға,
Артта қалды қанша ду, қанша дүрмек.

Көктем келіп,
Жасыл түкті кеудесін бөктер керіп.
Қайран менің жастығым, жалын атқан,
Өтіп кетті өрекпіп, көктемге еріп.

Құстар келіп,
Көк жүзінде қанатын ұшқан керіп.
Ғашық, іңкәр дүрия-дүниеге,
Ғайып болды бойдағы құштар желік,
Құстарға еріп…

ӨМІР МЫНА ҚОЙЫЛЫМ

Өте шығар бір демде,
Өмір мына қойылым.
Рөл ойнап жүргенде,
Осылмай ма ойыным?

Мен қаңғыбас кезбенің.
Сомдап жүрмін рөлін.
Өміріне өзгенің.
Есік қақпай кіремін.

Кейіпкерім ал, кейде,
Ышпанасы көшенің.
Көз алдымда әр бейне.
Қилы тағдыр кешемін.

Тығырыққа тірелді,
Жалпақ шешей көңілім.
Ойнап түрлі рөлді,
Өтіп жатыр өмірім.

Тек әкімнің әзірге,
Бұйырмай тұр бейнесі.
Ұқсап кетед(і) әзілге,
Өмір мына, кейде осы.

Қазаншының еркінде,
Шығаратын құлағын.
Рөл ойнап мен күнде,
Мың құбылып тұрамын.

Кейіпкер бар қанша мың,
Ауысатын ұдайы.
Рөл ойнап шаршадым,
Бейнем қайда, шынайы?

ТАҒДЫР
Тағдырым жерді тарпыған,
Жалына келем жармасып.
Жақсының ердім артынан,
Арты кең жайсаң, алды ашық.

Сүріндім бәлкім, құладым,
Бұралаң өмір жолында.
Құшағын жайды құба күн,
Шұбаған шаңы соңында.

Дауылға тостым айқарып,
Кеудемді алқам-салқам кең.
Тағдырды желіген тайпалып,
Тұқырта алмай арқанмен.

Сан асып белден түн қаттым,
Жымыңдап жұлдыз, Ай күліп.
Таң асып терін құрғаттым,
Сері күндердің сәйгүлік…

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Қауырсын қалам

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *