Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толды
Биыл қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толды. Бүгін оның туған күні! Өнегелі өмірін өлеңмен өрнектеген қаламгер ұлттық әдебиеттің биік шыңына көтеріліп, халық жадында мәңгілікке орнықты.
Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келіп, тағдыр тауқыметін ерте тартты. Әкесінен жастай айырылған ақын еңбекке ерте араласып, тұрмыс ауыртпалығына мойымай, шығармашылық жолын қалыптастырды.
Қазақтың қара өлеңіне жаңаша өрнек, терең мазмұн әкелген Мұқағали поэзияның көркемдік көкжиегін кеңейтті. Қайталанбас қолтаңбасымен ол қазақ поэзиясының Хантәңіріне айналып, ел арасында «Мұзбалақ» атанды. Ақынның өлеңдері өміршеңдігімен, шынайылығымен және философиялық тереңдігімен ерекшеленеді.
Ақын мыңнан астам өлең жазып, «Армысыңдар, достар», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда» сынды жыр жинақтарын оқырманға ұсынды. Сонымен қатар оның сөзіне жазылған «Сарыжайлау», «Есіңе мені алғайсың», «Сәби болғым келеді», «Ана, сен бақыттысың» әндері халық арасында кеңінен таралып, ұлттық рухани мұраға айналды.
Ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаевтың айтуынша, уақыт өткен сайын қазақ халқының Мұқағали Мақатаевқа деген ықыласы бәсеңдеген емес. Керісінше, оның поэзиясына деген құрмет пен сүйіспеншілік жылдан жылға артып келеді.
Мұқағали шығармашылығында адам тағдыры, Отанға деген сүйіспеншілік, анаға құрмет, махаббат пен өмір философиясы терең жырланды. Оның өлеңдері тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндігімен қалың оқырманға жақын.
Ақиық ақын 45 жасында өмірден озса да, артында қалған мол мұрасы қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді. Мұқағали Мақатаев — халық жүрегінен орын алған, мұқым елдің Мұқағалиы.













