Орталық Азия елдері Арал теңізінің тартылуы салдарын азайту жолдарын талқылайды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұйымдастыруымен Арал өңірі халқының денсаулығына арналған панельдік сессияны өткізу жоспарланып отыр.

Іс-шара Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау министрлерін және ДДҰ өкілдерін біріктіреді.

— Сессия өңірдегі ең өзекті экологиялық мәселелердің бірі — көлемінің 90 пайыздан астамын жоғалтқан және халық денсаулығына, соның ішінде анемия деңгейінің жоғары болуына әрі түрлі экологиялық факторлардың әсеріне ықпалын жалғастырып отырған Арал теңізінің тартылуы салдарына арналады. Қатысушылар болашақ ұрпақтың денсаулығын қорғау тәсілдерін талқылап, «Арал теңізі өңіріндегі салауатты болашақ» атты Жол картасы жобасын таныстырады, сондай-ақ экологиялық тәуекелдерді азайту және орнықты дамуды ілгерілету мақсатында өңірлік ынтымақтастықты нығайту шараларын қарастырады, — делінген хабарламада.

Орталық Азия елдерінің үкіметтері мен ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросы арасындағы үйлестірілген іс-қимылдарды қалыптастыруға, сондай-ақ бастамаларды ДДҰ-ның негіздемелік құжаттарымен, халықаралық табиғатты қорғау келісімдерімен және Тұрақты даму мақсаттарымен сәйкестендіруге ерекше назар аударылады.

Талқылаулардың маңызды бөлігі бірлескен бастамаларды іске асыру үшін орнықты саяси қолдауды жұмылдыру және халықаралық әріптестікті дамыту мәселелеріне арналмақ.

Айта кетейік, өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) — Орталық Азия елдері мен басқа мемлекеттерді климаттың өзгеруі, су ресурстарының тозуы, табиғи ресурстарды тұрақты басқару және басқа да өзекті экологиялық мәселелерді шешу үшін біріктіруге бағытталған халықаралық іс-шара.

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *