Мемлекет басшысы энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдады
Ерлан Ақкенженов мұнай саласында орнықты динамика сақталып тұрғанын айтып, мұнай өңдеуді ұлғайту жоспарын баяндады.
Сол арқылы Шымкент мұнай өңдеу зауыты жылына – 6-дан 12 миллион тоннаға, Атырау мұнай өңдеу зауыты – 5,5-тен 6,7 миллион тоннаға және Павлодар мұнай-химия зауыты 5,5-тен 9 миллион тоннаға дейін өндірістік қуатын арттырмақ.
Сондай-ақ, 2029 жылға дейін салынатын жаңа энергетикалық нысандар жайында мәлімет берді.
Биыл Алматы қаласында екінші жылу электр орталығының құрылысы аяқталатынын айтты. Ал Қызылорда мен Түркістан облыстарында бу-газ қондырғылары базасында электр станциясы бой көтеретінін баяндады.
Энергетика министрі «Көмір өндіруді дамыту» ұлттық жобасының әзірлену барысы туралы ақпарат ұсынды.
Президент отын-энергетика секторын одан әрі дамыту, соның ішінде мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және электр энергиясы салаларында жоспарланған жобаларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Сондай-ақ, өндірістік нысандардың тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде енгізу маңызды екеніне тоқталды.
Фото: Ақорда












