Ормуз бұғазындағы дағдарыс: әлемдік экономика «тұншығуы» мүмкін бе?
Таяу Шығыстағы жағдай күрделеніп барады. Әлемдік жанжал жаңа деңгейге көтерілген тәрізді. АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, Иран әлемдік энергетиканың «күре тамыры» саналатын Ормуз бұғазын миналауға кіріскен.
Ормуз бұғазы несімен маңызды?
Ол жай ғана су жолы емес, «бұғаз — әлемнің энергетикалық қақпасы» деп айтылып жүр. Себебі әлемдегі теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың төрттен бірі (күніне 20 млн баррель) осы жерден өтеді. Ал, Ирак пен Кувейт сияқты алпауыт өндірушілер үшін бұл — жалғыз экспорттық жол. Бұғаз жабылса, олардың мұнайы «тұтқында» қалады деген сөз.
Не болып еді?
Ислам революциясының сақшылар корпусы бұғаз арқылы өтетін кез келген кемеге шабуыл жасалатынын ескерткен еді. Қазірдің өзінде ондаған мина қойылғаны туралы ақпараттар бар. Алдағы уақытта олардың саны жүздеп артуы мүмкін дейді. Осылайша сақшылар корпусы аймақта кеме қатынасын іс жүзінде тоқтатып тастап отыр.
Д. Трамптың реакциясы
Әлбетте, АҚШ Президенті өз стиліне сай Иранға ескерту жасады. Миналарды тез арада залалсыздандыруды талап еткен Трамп: «Егер миналар алынбайтын болса, Иран үшін әскери салдары бұдан да ауыр болады», — деп кесті.
Салдары қандай?
Қазірдің өзінде Парсы шығанағында күніне 15 млн баррель мұнай бұғатталып тұр. Бұл әлемдік нарықтағы мұнай мен газ бағасының өсуіне алып келіп жатыр. Егер бұғаз толық жабылатын болса, әлемде энергетика дағдарысы туындауы әбден ықтимал.
Бұл бізге қалай әсер етеді?
Өте өзекті мәселе. Себебі Қазақстан табысының қомақты бөлігі мұнай экспортынан түсетін салықтар мен түсімдерден құралады. Сондықтан мұнай бағасы көрсететін кез келген «мінез» теңгенің де «тамыр соғысына» тікелей әсер етеді.
Қысқасы, Ормуз бұғазындағы дағдарыс салдарынан мұнай қымбаттайтын болса, бұл біздің елге екіжақты әсер етуі мүмкін.
1. Оң әсері: Теңгенің нығаюы
Мұнай бағасы өскенде (мысалы, баррелі 90-100 доллардан асса) елге доллар көптеп келе бастайды. Нарықта доллар көп болса, оның бағасы түсіп, теңгенің құны артады. Мұнайдан түсетін артық пайда Ұлттық қорға жиналып, елдің «сақтық қоры» да қалыңдай бастайды.
2. Теріс әсері: импортпен келетін инфляция
Иә, мұнайдың қымбаттауынан тек біржақты жақсылық күту қате болар еді. Оның екінші жағы бар десек, ол — жанар-жағармай бағасы. Ал, дүниежүзінде мұнай қымбаттайтын болса, бензин мен дизель бағасы да өсетіні анық.
Бұл өз кезегінде тауар тасымалын қымбаттатып, дүкендегі тауарлар бағасына да әсер етпей қоймайды. Яғни, теңге нығайғанымен, сырттан келетін тауарлар (техника, киім-кешек) қымбаттауы мүмкін.
Қазір әлем назары Ормуз бұғазында. Ол — Иранның қолында тұрған жалғыз «көзір». Бұғазды миналау арқылы Тегеран Батыс елдеріне экономикалық қысым көрсетпек.
Ал, «Үлкен жетілік» елдері әзірге өз қорларын пайдалануға асығар емес. 11 наурыздағы мәлімет бойынша, Brent мұнайының бағасы $87-ға дейін көтерілсе де, G7 мүшелері стратегиялық резервтерін ашудан бас тартып отыр.
«Үлкен жетілік» деген не?
Бұл — әлемдегі ең дамыған 7 елдің басын қосатын бейресми клуб. Оның құрамына АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Канада және Жапония кіреді. Осы алпауыттардың әрқайсысында орасан мұнай қоры бар. Әлемде төтенше жағдай (соғыс, табиғи апат) болып, мұнай тасымалы үзілсе немесе нарықта мұнай жетіспей, баға тым қымбаттап кетсе, G7 елдері өз резервтерін ашып, нарыққа мұнай шығарады. Сол арқылы бағаны реттеуге атсалыса алады. Бірақ әзірге Ормуз бұғазына қатысты нақты шешімге келе қоймады. Олар алдымен Халықаралық энергетика агенттігінің нақты сараптамасын күтпек. Сондықтан, әліптің артын бағамыз.
/Жазба «Қаржылық сауат» телеграм арнасынан алынды

Фото: Ашық дереккөз












