«Жастар және адалдық қағидаты: заң, тәртіп, жауапкершілік» тақырыбында кездесу өтті
Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік жобасы аясында «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен бірқатар маңызды іс-шаралар өткізілді.
2026 жылғы 17–19 наурыз аралығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Құқықтану» кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты, тәжірибелі заңгер Қаржаубаева Ләззат Майлыбайқызының қатысуымен Шиелі, Жаңақорған және Қазалы аудандарында жастармен кездесулер ұйымдастырылды.

Аталған кездесулер Шиелі ауданындағы «Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде», Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде және Қазалы ауданындағы «Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде» өтті. Кездесу ұйымдастырылып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заңға деген құрметін қалыптастыруға бағытталды.
Кездесу барысында қатысушыларға құқықтық тәртіптің қоғамдағы маңызы, адалдық қағидатының мәні, сондай-ақ әр азаматтың заң алдындағы жауапкершілігі туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқық бұзушылықтың салдары және азаматтық ұстанымды нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Іс-шаралар барысында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Ашық диалог форматында өткен кездесулер студенттердің белсенді қатысуымен ерекшеленді.
Аталған шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, олардың бойында адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға ықпал етті.













