Қазалыда ұлттық дәстүр мен діни танымға қатысты мазмұнды кездесу өтті
Қазалы ауданында теолог Дәлелхан Оспанов қатысуымен мазмұнды кездесулер өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

2026 жылғы 1-2 сәуір күндері Қазалы ауданында теолог Дәлелхан Оспанов қатысуымен бірқатар маңызды кездесулер ұйымдастырылды. Іс-шараларға медицина саласының мамандары, түрлі ұжым өкілдері қатысып, өзара пікір алмасу алаңы қалыптасты.
Кездесулердің негізгі мақсаты – қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту, діни сауаттылықты арттыру, сондай-ақ жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру болды. Шара барысында ұлттық дәстүр мен діни танымның сабақтастығы, отбасы тәрбиесі, қоғамдағы жауапкершілік пен адалдық мәселелері кеңінен қозғалды.

Теолог Дәлелхан Оспанов өз сөзінде қазіргі қоғамда діни сауаттылықтың маңыздылығына тоқталып, теріс ағымдардың алдын алу үшін дұрыс ақпарат пен түсіндіру жұмыстарының қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ол медицина саласы мамандарының қоғамдағы ерекше орнына назар аударып, олардың кәсіби қызметімен қатар, адамгершілік құндылықтарды ұстануының маңызын жеткізді.
Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Әсіресе, жастар тәрбиесі, отбасылық құндылықтар және рухани даму тақырыптары қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Іс-шара Қазалы аудандық қоғамдық даму бөлімі мен “Асыл мұра — Орда” қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды. Мұндай кездесулер өңірдегі рухани тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қоғамда бірлік пен өзара түсіністікті нығайтуға өз үлесін қосады.
Фото: “Асыл мұра — Орда” қоғамдық қоры












