Қазақстанда құстың 20 жаңа түрі пайда болған
Кейінгі жылдары Қазақстан аумағында бұрын тіркелмеген құстардың 20-дан астам жаңа түрі табылды. Бұл туралы орнитолог, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко айтты.
– Қазақстанда қазір 520-дан астам құс түрі бар. Жыл сайын ел аумағына жаңа түрлері ұшып келіп жатыр. Оларды көбіне өз бетінше бақылау жүргізіп, фотосурет арқылы дәлелдейтін әуесқойлар анықтайды, — деді ол Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.
Оның айтуынша, әуесқойлардың ғылымға қосатын үлесі артып келеді. Қазақстан үлкен болғанымен, бізде кәсіби орнитологтар аз, сондықтан энтузиастардың биоалуантүрлілік туралы білімді кеңейтуге көп көмегі тиіп жатыр. Олардың бақылауы мен деректерді тіркеуі құстардың көші-қоны мен таралуы туралы жаңа ғылыми мәліметтің пайда болуына сеп болады.
Спикер орнитофаунаның қазіргі жағдайына тоқталып, жекелеген түрлердің азаюы – жаһандық үрдіс екенін айтты. Қазақстанда бүгінде шамамен 60-қа жуық құс түрі әртүрлі деңгейде қауіп-қатерге ұшыраған.
– Құстардың тіршілігі әрдайым жайлы емес, басты қауіп – олардың мекен ету ортасының жойылуы. Бұл инфрақұрылымның дамуы, пайдалы қазбаларды өндіру, ландшафттың өзгеруі мен сулы-батпақты алқаптардың құрғауымен байланысты. Сонымен қатар қоршаған ортаның ластануы мен мазалау факторы да әсер етеді. Әлемдік деректерге қарағанда, бар құстың санының шамамен жартысы азайған, — деді Скляренко.
Сұлу тырнаның саны қыстайтын елдердегі жағдайға да байланысты өзгеріп отырады, бұл халықаралық ынтымақтастықтың маңызын көрсетеді. Ителгінің саны заңсыз аулау салдарынан айтарлықтай қысқарған. Сондай-ақ электр желілері де жыл сайын мыңдаған жыртқыш құстың өліміне себепші болып жатыр. Жел энергетикасының дамуы да әсерін тигізіп отыр.
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренконың сөзінше, ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселелердің бірі – диклофенак ветеринарлық препараты. Ол бұрын Үндістанда өлексемен қоректенетін құстар санының күрт азаюына әкелген. Қазіргі уақытта ол елде препаратқа тыйым салынғаннан кейін жағдай біртіндеп жақсара бастады, алайда басқа елдерде оны қолдану жаңа қауіптер тудыруы мүмкін.
Қаланың орталық бөлігінде торғайлар мен қарлығаштардың саны айтарлықтай азайған, бұл қалалық ортаның өзгеруімен байланысты. Ал су құстары, керісінше, қалада қыстап қалуды жиілеткен. Мысалы, барқылдақ үйректер мұз қатпайтын су айдындарында мекендеп, адамдардан сескенуді қойған. Сонымен қатар қалада оляпка мен сирек кездесетін көк құс сияқты түрлер жиірек байқала бастады.
Айта кетейік, бүгін, 1 сәуір – Халықаралық құстар күні. Бұған дейін «Бурабай» ұлттық паркі мамандары құстар табиғаттағы мінсіз жүйені қалай сақтайтынын айтып берген еді.
Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі












