Сыр елінде жүгері дақылын терең өңдейтін зауыт құрылысы басталды
Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері және ел ағаларының қатысуымен Сырдария ауданында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының іргетасын қалау рәсімі өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа жобаның басталуымен құттықтап, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
«Президентіміз айқындап берген экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттер аясында аймағымызда нақты істерді кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Өткен жылы тамыз айында Жетісу өңіріне арнайы жұмыс сапарымен барып, еліміздегі ірі өндіріс орындарының бірі – «Жаркент крахмал-сірне зауытымен» жан-жақты таныстық. Келіссөздер нәтижесінде серіктестіктің қолдауымен облысымызда жүгері дақылын терең өңдейтін жаңа зауыт салу жөнінде маңызды келісімге қол жетті.Бүгін аймағымыз, оның ішінде Сырдария ауданының тұрғындары үшін аса маңызды, тарихи сәттің куәсі болуға жиналдық. Жылына 150 мың тонна жүгері дақылын терең өңдейтін, 40 млрд.теңгенің жаңа өндіріс орнының іргетасы қалануда. Зауыт заманауи талаптарға сай жоғары сапалы технологиялармен жабдықталып, 550 адамдытұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Биылдан бастап жүгері егісі 15 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып, өңіріміздің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Терең өңдеуге бағытталған жүгері өндірісін қолға алған шаруаларға мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіледі. Маңызды жобаны жүзеге асыруға бастамашы болып, зор үлес қосқан инвесторларға тағы да шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін. Зауыт құрылысының сәтті аяқталуына, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілектеспін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Рәсімде мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов сөз сөйлеп, батасын берді.

Айта кету керек, 2022-2025 жылдары мемлекет тарапынан аграрлық саланы қолдауға 92,4 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл мақсатқа 34 млрд 800 млн теңге қарастырылған. Шаруашылықтар есебінен 58 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Өткен жылы ауыл шаруашылығында 11 млрд 600 млн теңгенің 16 инвестициялық жобасы іске қосылып, саланың негізгі қорына тартылған инвестиция көлемі 74 пайызға артты.
2026-2028 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың жол картасы әзірленіп, оған 138 млрд 200 млн теңгенің 17 жобасы енгізілді. Жүйелі жұмыстың арқасында жалпы өнім көлемі жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, өткен жылы бұл көрсеткіш 233 млрд 450 млн теңге болса, биыл 240 млрд 400 млн теңгеге жеткізу жоспарланған.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі












