Қызылорда: Колледж жастары құқықтық кеңес алды
Осы жылдың 2-3 сәуір аралығында Қызылорда облысының Қоғамдық даму басқармасы мен «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік іс-шаралар өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Іс-шараларға «Текей батыр» Қарпықұлы атындағы жоғары колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, заңгер Айтбенбетов Болатбек Серікбайұлы қатысып, Қармақшы және Арал аудандарында, атап айтқанда Арал индустриалды техникалық колледжі мен Қармақшы аграрлы техникалық колледжінде жастармен кездесулер өткізді.
Кездесулер «Жастар және адалдық қағидаты: заң, тәртіп, жауапкершілік» тақырыбында ұйымдастырылып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заңға деген құрметін қалыптастыруға бағытталды. Шара барысында қатысушыларға құқықтық тәртіптің қоғамдағы маңызы, адалдық қағидатының мәні, сондай-ақ әр азаматтың заң алдындағы жауапкершілігі туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқық бұзушылықтың салдары және азаматтық ұстанымды нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Ашық диалог форматында өткен кездесулер студенттердің белсенді қатысуымен ерекшеленіп, жастар өздерін толғандырған сұрақтарына нақты әрі мазмұнды жауап алды. Аталған іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, олардың бойында адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаларын нығайтуға ықпал етті.
Фото: «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қоры












