Ұлттық банк: Базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде сақталады
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
Бұл жайлы бас қалада өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Шешім инфляция динамикасын, оның факторларын және тәуекелдер балансын ескере отырып қабылданды.
Жылдық инфляция баяулап келеді. Инфляциялық қысымды төмендетуге ықпал еткен факторлар: Ұлттық Банк жүргізіп отырған ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы. Сонымен қатар коммуналдық қызметтер тарифінің төмендеуі, жанар-жағармай бағасына жарияланған сәуірге дейінгі мораторий және Үкіметтің инфляцияға қарсы басқа шаралары да оң ықпал етті.
Инфляциялық қысым сақталып отыр. Бұған инфляциялық күтулердің жоғары болуы, салық реформасының жанама әсері, коммуналдық тарифтер мен жанар-жағармай бағасының қайта өсуі, сондай-ақ фискалдық ынталандыру параметрлері ықпал етеді.
Қосымша тәуекелдер геосаяси шиеленістің күшеюі аясында мұнай бағасының құбылмалылығы және сыртқы баға фонының өзгеруі арқылы сыртқы ортада да қалыптасып отыр.
Осындай жағдайда инфляцияның тұрақты төмендеуін қалыптастыру үшін инфляцияға қарсы шараларды қабылдау, ақша-кредит саясатының біршама қатаң шарттарын сақтау қажет.
Қазіргі кезеңде базалық мөлшерлемені төмендетуге жеткілікті негіз әлі қалыптасқан жоқ. Баға реформаларын жаңарту кезінде инфляцияның болжамды траектория деңгейінде немесе одан төмен тұрақты баяулауы негіз болады. Ондай жағдайда Комитет алда болатын шешім қабылдау кезінде базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастырады.













