Қазақ түйесінің өнімі Қытайға экспортталады
Қызылорда облысындағы шеткі аудан – Аралда тындырымды тірлік көп. Жергілікті жұрт балық өндірісі мен төрт түлікті өрістетуден бөлек, кәсіп ашып, өнім өндіруге көшкен. Сондай-ақ кейінгі жылдары ауданда инвестиция тарту арқылы ашылған өндіріс орны көбейді. Соның бірі – жақын уақытта тұсауы кесілетін Qazaq Camel» ЖШС-ның түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты.

Арал аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі берген мәліметіне сүйенсек, биыл да бірнеше инвестициялық жоба іске қосылады. Олардың қатарында «Qazaq Camel» ЖШС-ның түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты, «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-ның жоғары сұрыпты ас тұзы өндірісі және мотоцикл құрастыру, балық шаруашылығын ұйымдастыру, «Эко Энерджи Плюс» ЖШС құрылысын салатын жол бойы қызмет көрсету кешені сияқты ірі кәсіпкерлік нысандар бар.
– «Qazaq Camel» ЖШС іске қосатын кәсіпорын жылына 392 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын болады. Зауыт құрылысына 3 млрд теңге инвестиция салынған. Оның 1,8 млрд теңгесі мемлекет қолдауымен жеңілдетілген несие ретінде, ал 1,2 млрд теңгесі құрылтайшының жеке қаражат есебінен бөлінген. Зауытты мамыр айында іске қосу жоспарланып отыр. Өндіріс толық жұмысын бастағаннан кейін 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – дейді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Нұрлан Есеналиев.

Кәсіпорын директоры Нөгербек Абылғазиннің айтуынша, өнім толығымен экспортқа, көрші Қытай еліне жіберіледі.
– Зауыт құрылысы толық аяқталды. Біз қажетті мамандарды Қытайдан алдырып, олар кәсіпорындағы әрбір цех бөлімін құрылымдап, монтаждау жұмысын жүргізіп шықты. Өндіріс толық автоматтандырылған. Әр бөлімде жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған санитарлық-тазалық құрылғылар міндетті түрде болады. Өйткені, біз тағам өнімін дайындаймыз. Бір күнде 20 тонна сүт ұнтағын шығаратын боламыз. Үзілсіз жұмыс істесек, бұл күндік норманы 30 тоннадан асыруға болады. Дайын өнім арнайы 300, 500 грамдық қалбырға салынып, қоймаға жиналады, – дейді ол.

Бұған дейін еріктестік Арал ауданына қарасты Сексеуіл, Шижаға, Ақбасты, т.б ауылдарда болып, түйе өсіруші жеке шаруа қожалықтарымен меморандумға отырған. Олардан жаңа сауылған сүтті нарық бағасымен алып, кәсіпорын цехына тасымалдау жағы да ұйымдастырылады. Қосымша арнайы сүт тасымалдайтын жүк көліктері сатып алынған, жақын күндері Арал қаласына жеткізілмек.

Түйе сүтінің адам ағзасына пайдасы мол. Әсіресе, аралдықтар шұбатты жиі ішіп, күнделікті тағам ретінде тұтынып жүр. Ал оның қан-тамыр, ревматизм және жүйке жүйесі ауруларын емдеу әрі ағзаны жасартатын қасиеті медицинада дәлелденген. Құрамы адам иммунитетін нығайтуға үлкен септігін тигізеді.
Фото: Арал ауданы әкімдігі












