10 мамырда Қазақстанда негізгі ҰБТ-2026 басталды. Ол 10 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Негізгі ҰБТ-ға дайындық деңгейін арттыру үшін қаңтар және наурыз айларындағы тестілеуден өткен талапкерлерге әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау ұсынылды. Яғни әрбір ҰБТ-дан (қаңтар, наурыз) кейін түлектер әлсіз тақырыптарын жетілдіруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін екінші тестілеуге дайындықты жақсартуға уақыт беріледі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ҰБТ-ға қатысу үшін 240 мыңға жуық талапкер өтініш берген. Екі әрекетті ескере отырып, 446 мыңнан астам өтініш қабылданды (2025 жылы — 216 мыңға жуық талапкер екі әрекетті ескере отырып, 399 мың өтініш болды). Олардың 74% қазақ тілінде, 26% — орыс тілінде, 851 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге ниет білдірді.

Дайындық деңгейін бағалау және емтихан форматына бейімделу үшін сынақ тестілеуден өту мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығы сайтында тапсырмалар жасалған әдебиеттер тізімі мен тест спецификациясы, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі, «Информатика» пәні бойынша терминдер, сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» пәндері бойынша әдеби шығармалар тізімі орналастырылған.

2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлер үш міндетті пән мен таңдауы бойынша екі бейіндік пән тапсырады. Тапсырмалар саны өзгермейді — барлығы 120. Оның ішінде 20 тапсырма «Қазақстан тарихы» пәнінен, 10 тапсырмадан «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауаттылық» пәндерінен, сондай-ақ әрбір екі бейіндік пәннен 40 тапсырмадан беріледі.

ҰБТ-ның ең жоғары нәтижесі — 140 балл.

Тестілеу уақыты — 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі.

Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін бұл кестелердің қағаз нұсқалары да ұсынылады.

Министрліктің мәліметінше, талапкерлер тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген талапкердің сертификаты апелляциялық комиссия шешімінен кейін жеке кабинетінде қолжетімді болады. Жеке кабинетте республикалық апелляциялық комиссия отырысының мерзімі туралы ақпарат көрсетіледі. Апелляциядан бас тарту өтініші комиссия отырысы басталғанға дейін жеке кабинет арқылы жүзеге асырылады. Өтініш қайтарылған жағдайда, бір жұмыс күні ішінде талапкердің сертификаты жеке кабинетте пайда болады.

Оқуға түсу үшін ең төменгі шекті балдар өзгеріссіз қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына — 65 балл, басқа ЖОО-ларға — 50 балл, «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша — 75 балл, «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша — 70 балл, «Құқық» мамандығы бойынша — 75 балл. Сонымен қатар «Қазақстан тарихы» және екі бейіндік пәннен (немесе шығармашылық емтиханнан) кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылықтан» кемінде 3 балл жинау қажет. Айта кетейік, ЖОО-лар білім беру бағдарламалары топтары бойынша өз шекті балдарын белгілеуі мүмкін.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ережебұзушылықтардың алдын алу мақсатында тестілеуге кірер кезде тыйым салынған заттарды (телефон, құпия жазу және т.б.) алып өтпеу үшін қол және жиекті металл іздегіштер қолданылады.

Тестілеу аудиторияларында мобильді және радиоэлектронды байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады, сондай-ақ бейнебақылау жүргізіледі.

ҰБТ-2026 аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ереже бұзушылықтар анықталса, талапкердің ҰБТ нәтижелері (сондай-ақ білім гранты тағайындалған болса, соған қатысты құжаттар) жойылады.

Фото: ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *