Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға қатысты қоғамда қызу талқыланған заңға қол қойды,- деп хабарлайды fastnews.kz ақпараттық сайты. Ақпаратты Ақорда ресми растады.

Заң жобасы бұған дейін қоғамда үлкен пікірталас туғызған болатын. Әсіресе, иесіз жануарларға қатысты «эвтаназия» нормасы қоғам наразылығын күшейткен еді. Зооқорғаушылар мен белсенділер бұл бастамаға қарсы шығып, петициялар жариялап, әлеуметтік желілерде қызу талқы ұйымдастырған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Сенаты жануарларға қатысты заңға енгізілген түзетулерді қайта қарау үшін Мәжіліске кері қайтарған болатын. Сенат мәліметінше, құжат бес рет талқыланып, азаматтардан 300-ден астам ұсыныс пен шағым түскен.

Талқылау кезінде сенаторлар «эвтаназия» терминін қолданудан бас тарту қажет деген ұсыныс айтты. Бұған дейін Мәжіліс иесіз жануарларды ұстағаннан кейін бес тәулік ішінде эвтаназия жасау туралы норманы ұсынған еді. Сондай-ақ бұл мәселені әр өңірдің мәслихаттары өз деңгейінде шешуі керек деген пікір де көтерілген.

Даулы тұстардың бірі — чип мәселесі болды. Мәжіліс депутаттары чипі жоқ ит пен мысықтың барлығын «иесіз жануар» ретінде қарастыруды ұсынған. Алайда сенаторлар бұл ұстаныммен келіспеді. Олардың айтуынша, жануарда чиптің болмауы оның иесі жоқ дегенді білдірмейді. Сондықтан арнайы белгісі немесе иесін анықтайтын басқа да деректер ескерілуі тиіс деген шешімге келген.

Нәтижесінде заңда эвтаназия тек медициналық негіз болған жағдайда және ветеринар маманның қорытындысынан кейін ғана қолданылатын норма ретінде бекітілді.

Айта кетейік, Еділ Жаңбыршин бұған дейін бұралқы иттердің шабуылы көбейгенін айтып, бұл мәселеге қатысты қатаң шаралар қажет екенін бірнеше мәрте көтерген болатын. Алайда оның бұл пікірлері жануар құқығын қорғаушылар тарапынан сынға ұшыраған еді.

Фото: Ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *