«Желілік» жалған психологтар мен коучтар халықты арбай алмайды — Сенат заңды мақұлдады
Ендігі жерде елімізде психологтардың мемлекеттік тізілімі құрылады. Оған енгізілмеген мамандар психологиялық қызметпен айналыса алмайды және өздерін психолог деп атауға да құқылы болмайды.
Дәл осындай түзетулер 25 маусым күні Сенатта «Психологиялық қызмет туралы» заң аясында мақұлданды.
Құжатты таныстырған сенатор Әсем Рахметова кейбір қазақстандықтар жалған психологтар мен коучтарға сеніп, талай алданып, ақшасынан қағылғанын айтады.
«Қазір кеңес беріп табыс табатын жалған психологтар мен коучтар көбейді. Оларға сенген көп адам алаяқтықтың құрбанына айналды. Осы мәселе бойынша маған көптеген шағым түсуде. Уәкілетті органдар бұған назар аударуы тиіс», — деді сенатор.
Оның айтуынша, бүгінде психологиялық көмек қоғамда барған сайын маңызды рөл атқаруда. Ол азаматтардың эмоциялық әл-ауқатын сақтау, отбасы институтын нығайту, балалар мен жастардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек ұжымдарында салауатты психологиялық ахуал қалыптастыру үшін қажет.
Ал біздің қоғамдағы жағдай сенатордың сыйпаттамасына кереғар бағытта дамып келе жатқаны ащы да болса шындық.
Заңның негізгі мақсаты — Қазақстанда психологиялық қызметтің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыру, азаматтарға сапалы психологиялық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау.
Құжат психологтардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптарды, олардың біліктілігін растау және арттыру тәртібін, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін, сондай-ақ психологтар мен көмек алушылардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды.
Қабылданған заңдағы негізгі жаңалықтардың бірі — психологтың кәсіби стандарты енгізіледі. Ол білім деңгейіне, кәсіби құзыреттерге және мамандардың біліктілігіне бірыңғай талаптар белгілейді.
Сонымен қатар психологтардың кәсіби этикасының бірыңғай кодексі бекітіледі. Онда құпиялылықты сақтау, кәсіби жауапкершілік және кәсіби құзыреттілік талаптары нақты көрсетіледі. Психологиялық көмектің сапасын арттыру үшін тек ғылыми негізделген және тексерілген әдістерді қолдану көзделеді. Сондай-ақ мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін супервизия институты енгізіледі.
Тағы бір маңызды норма — психологтарға медициналық қызметпен айналысуға және дәрі-дәрмек тағайындауға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, психологтарды сертификаттау институты кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл мамандардың белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік тізілімге тиісті жоғары білімі, дипломдары және халықаралық сертификаттары бар мамандар енгізіледі. Тізілімге енбеген тұлғаларға психологиялық қызмет көрсетуге және өздерін психолог деп атауға тыйым салынады.












