Сыр елі: Қазалы ауданында екі спорт кешені пайдалануға беріледі
Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында салынып жатқан спорт кешендерінің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда екі нысанның да негізгі құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, кешендерді пайдалануға беруге дайындық жұмыстары жүргізілуде.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – Әйтеке би кентіндегі Қазалы мәдени-демалыс кешені аумағында бой көтерген спорт кешені. Құны 628 млн теңгені құрайтын нысанның құрылысын «Болашақ» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Ал Қожабақы ауылындағы құны 537,1 млн теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылысын «Намыс-Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда.

Қазіргі таңда екі кешеннің құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан аумақтарын абаттандыру, ішкі сыртқы әрлеу мен тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Аудан басшысы нысандарды аралау барысында құрылыс сапасына ерекше назар аударып, барлық жұмыстардың талапқа сай әрі сапалы орындалуы керектігін жеткізді. Мердігер мекемелер мен құрылысқа жауапты сала басшыларына бірқатар кемшіліктерді атап көрсетіп, анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде қалпына келтіріп, кешендерді ел игілігіне сапалы әрі мерзімінде беру қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, аталған екі спорт кешенінен бөлек, биыл жыл басында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бекарыстан би ауылында да осындай заманауи спорт кешені пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарының игілігіне табысталған болатын













