Астанада әуе таксиінің алғашқы көрсетілімдік ұшуы өтті
Астанада отандық «Alatau Advance Air Group Ltd.» компаниясы мен оның қытайлық серіктесі eVTOL AutoFlight ұйымдастыруымен әуе таксиінің алғашқы көрсетілімдік ұшуы өтті. Іс-шара «Қазанат» ипподромының аумағында өтті.
Көрсетілім барысында бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған eVTOL AutoFlight Prosperity аппараты таныстырылды. Әуе кемесі сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұшып, бір қуатпен 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес алғашқы демонстрациялық ұшу жолаушыларсыз жүзеге асырылды.
«Астанадағы әуе таксиінің демонстрациялық ұшуы – бұл жекелеген шара емес, Қазақстанда қалалық әуе мобилділігін енгізу бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Mұндай сынақтар жаңа технологияларды практикалық қолданысқа енгізу үшін саланы дәйекті түрде дайындауға мүмкіндік береді», – деді «Alatau Advance Air Group Ltd.» ЖШК бас директоры Сергей Хегай.
Компанияның мәліметінше, әуе таксиі технологиясы Алатау қаласының арнайы құқықтық режиміне енгізілген. 2026 жылғы 1 шілдеден күшіне енген Конституциялық заңға сәйкес, қала инновациялық көлік түрлерін сынақтан өткізетін негізгі алаңдардың біріне айналмақ. Нөлден салынып жатқан Алатауда әуе таксиі мен ұшқышсыз аппараттарға арналған инфрақұрылым бас жоспарды әзірлеу кезеңінде-ақ қарастырылған.
Көрсетілімнен кейін AutoFlight Prosperity аппараты Астанада өтетін «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің басты экспонаттарының бірі болады. Ол 29–30 шілде күндері «Барыс Арена» кешені алдындағы ашық көрмеде көпшілікке ұсынылады.













