Қазақстанда несие арзандай ма?
Еуразиялық даму банкінің сарапшылары Қазақстанда инфляцияның баяулауы аясында Ұлттық банк ақша-несие саясатын біртіндеп жұмсартуды жалғастыруы мүмкін деп болжады. Бұл туралы банктің апталық макроэкономикалық шолуында айтылған.
24 шілдеде Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендетіп, 16,75%-ға дейін түсірді. Мұндай шешім жылдық инфляцияның тоғыз ай қатарынан бәсеңдеуіне байланысты қабылданған. Маусым айында инфляция деңгейі 10,3% болып, мамырдағы 10,4%-дан төмендеген.
Сонымен қатар, халықтың алдағы бір жылға арналған инфляциялық күтулері маусымда 13,4%-ға дейін өсті. Мамырда бұл көрсеткіш 12,7% болғанымен, ол 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы орташа деңгейден (14,1%) әлі де төмен, — деп хабарлады Ұлттық банк.
Сарапшылардың пікірінше, инфляцияның баяулауына теңгенің нығаюы мен тұтынушылық белсенділіктің тұрақтануы оң әсер етіп отыр.
Сонымен бірге, Еуразиялық даму банкі сыртқы факторлардан туындайтын инфляциялық тәуекелдердің әлі де сақталып отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, жанармай, халықаралық тасымал және логистика шығындарының қымбаттауы баға өсіміне қысым көрсетуі мүмкін.
Осыған байланысты банк Ұлттық банк алдағы уақытта да орташа қатаң ақша-несие саясатын сақтайды деп есептейді. ЕДБ болжамынша, 2026 жылдың соңына қарай Қазақстандағы базалық мөлшерлеме шамамен 16% болады.
Еске салайық, 24 шілдеде Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдаған болатын.
Коллаж: БАҚ.КЗ












