Зейнетке шықса да қол қусырып отырмайтын қария көп қой бізде. Әсіресе, ауылда тұратын үлкендер тынымсыз келеді. Жасынан еңбек етіп қалған олар бейнеттен қорыққан емес. Денсаулығы жарап тұрса, талай шаруаның басын қайыратынын көріп жүрміз. Жалпы Сырдағы елдің басым көпшілігі диқандыққа бейім емес пе? Ал біздің кейбір қарттарымыз әлі де кетпен шауып, қарық соғатыны рас.

Күлипа апа Қармақшы ауданына қа­расты Төребай би ауылының тұрғыны. Қармақшы ауылында туып өскен ол мек­теп бітірісімен еңбекке араласқан. Ауыл ішіндегі өндірістік бригадада жұ­мыс істепті. Ал кейіннен Жамбыл об­лы­сын­дағы оқу орнынан есепші ма­ман­дығын алып, арнайы жолдамамен қазіргі өзі тұ­ратын ауылға қызметке келген. Осында тұрмысқа да шығыпты.

– 1983 жылдан экономист бо­лып қызмет бастадым. Есепші, одан соң Жосалы совхозында кадр бө­лімінде жұмысты жалғастырдым. Кейін совхоз тарап кетті. Мен ауылдағы «Ақ көгершін» балабақшасында шаруашы­лық меңге­рушісі болып, 2018 жылы зейнет­керлікке шыққанша сол жерден табан аудармай жұмыс істедім. Қазір қолымыз бос, қуа­тымыз баршылық. Қарап отырған­ша ди­қан жолын жалғастырайын деп шештім, –  дейді Күлипа апа.

Әкесі Молдахмет уақытында диқан болған. Ал қайын атасы белгілі күрішші екен. Ұлы Ғабитжан 2023 жылы «Қарасай» шаруа қожалығын ашса, был­тырдан бері бұл тізгінді апаның өзі алған. Қазір 1,5 гектар жерге бақша өсіріп отыр.

– Бала күнімізден үйдегі бауырла­рымызбен бірге әкеме еріп, қауын-қар­быз, басқа да дақылдарды егетінбіз. Әр ұяны бірлеп, отағын отап, кейіннен пәлегін қайыруды кішкентай күнімізден үйретті. Салма ішіне түскен түйнектің суда қалып қоймауына дейін қадағалай­тынбыз. Сол көргеніміздің ізі шығар, қазір де әкеден үйренген осы кәсіпті тоқтатқан жоқпын. Жыл сайын піскен қауын-қарбыз, асқабағымызды Байқоңыр мен Төретамға өткіземіз. Одан түскен пұлға немерелерімнің киімдерін, қысқы азық, одан қалды малға жем-шөп сатып алып жүрміз, – дейді ол.

Апаның бақшасының пісуіне аз күн қалғандай. Пәлек арасындағы түйнектер үлкейгелі біраз болыпты. Қазір мал мен құстың піскен дақылға үйір ке­летін уақыты емес пе?! Диқан апаның бақшаны қызғыштай қорып отырған жайы бар.

– Жолдасым Қарасай 2008 жылы дүниеден өтті. «Орнында бар – оңалар» деген, шүкір, үш ұл-қыз өсірдік. Үлкен қызым Райкүл облыс орталығында тұ­рады, өзі мұғалім. Кіші қыздың аты Наз­гүл, медицина қызметкері. Ұлым Ғабит­жан қолымда, аудан орталығындағы бі­­лім бөлімінде қызметі бар. 10-нан аса не­мере шапқылап жүр. Еңбекпен келген несібенің адал бо­латынын осыларға ұқ­тырсам деймін. Тәуба, қара жерді қадірлей білсең, уысың толатыны анық. Тек ерін­бесең болғаны, – деп ағынан жарылды Күлипа апамыз.

Ержан ҚОЖАС

Фото: кейіпкерден алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *