Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған міндеттерді түсіндіру мақсатында «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы ақпараттық топ мүшелері көпсалалы қалалық аурухана ұжымымен кездесті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Басқосуға ақпараттық топ мүшелері Руслан Рүстемұлы, Гүлшат Мұсаева, Жалғасбек Үсенов және Нұридин Амитов қатысып, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты Жолдауда белгіленген басымдықтарды таныстырды.

Кездесу барысында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, алғашқы медициналық — санитариялық көмекті жетілдіру, медицина қызметкерлерін қолдау және саланы цифрландыру мәселелері талқыланды.

Жиында сөз алған Руслан Рүстемұлы денсаулық сақтау саласын дамыту тек медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңартумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, ең бастысы – әрбір азаматтың сапалы медициналық көмекке уақтылы қол жеткізуіне жағдай жасау.

«Мемлекет басшысы Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты нақты міндеттер жүктеді. Соның ішінде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің әлеуетін арттыруға ерекше мән берілген. 2027 жылдан бастап осы сала мамандарының еңбекақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеру көзделіп отыр. Бұл – медицина қызметкерлерінің еңбегін бағалауға және алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Өйткені денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі ең алдымен тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін мамандардың кәсіби біліктілігі мен еңбек жағдайына байланысты», – деді Руслан Рүстемұлы.

Ал Гүлшат Мұсаева халық денсаулығын сақтауда аурудың алдын алу, ерте диагностика жүргізу және медициналық сауаттылықты арттырудың маңыздылығына тоқталды.

«Денсаулықты сақтау ауру асқынған кезде емдеуден емес, оның алдын алудан басталады. Сондықтан профилактикалық тексерулердің қолжетімді болуы, тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы және ауруларды ерте кезеңде анықтау маңызды. Әсіресе ана мен бала денсаулығы, балаларға көрсетілетін медициналық көмек пен оңалту қызметтерінің сапасы үнемі назарда болуы керек. Жолдауда да осы бағыттағы инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілген. Бұл жұмыстардың барлығы адам өмірінің сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс», – деді Гүлшат Мұсаева.

Өз кезегінде Жалғасбек Үсенов денсаулық сақтау саласына заманауи технологияларды енгізу мен цифрлық шешімдерді кеңінен қолданудың маңызын атап өтті.

«Бүгінде цифрландыру медицина саласының жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Электронды медициналық деректер, ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығы дәрігердің уақытын үнемдеп қана қоймай, пациентке көрсетілетін қызметтің сапасы мен тиімділігін арттырады. Сонымен қатар цифрлық технологиялар медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтіп, шалғай елді мекендердегі тұрғындарға да қажетті қызметтерді ұсынуға жол ашады. Ең бастысы, технология адамға қызмет етуі керек. Сондықтан оны енгізу барысында дәрігердің де, пациенттің де мүддесі ескерілуі қажет», – деді Жалғасбек Үсенов.

Кездесу соңында аурухана ұжымы өкілдерімен пікір алмасып, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер төңірегінде ой бөлісті.

Ақпараттық — түсіндіру жұмыстарының негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтардың мәнін кеңінен түсіндіріп, оларды іске асыруда қоғам мен кәсіби қауымдастықтың ортақ жауапкершілігін арттыру.

Фото: «Әділет» партиясы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *