Сауда заңнамасын бұзғандар жауапкершілікке тартылды
БҚО-да сауда заңнамасын бұзған 200-ден астам кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Сауда комитетінің ресми сайты мәлімдегендей, ҚР СИМ Батыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті өңірдегі кәсіпкерлік субъектілердің сауда қызметін реттеу заңнамасы талаптарын сақтауына бақылау жүргізеді. Департамент жыл басынан сауда заңнамасын бұзған 209 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғаған.
Толығырақ айтсақ, ӘМАТ-қа сауда үстемесін 15%-дан арттырғаны үшін 138 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғады. Оның ішінде 124 ескерту берілсе, 14 сауда субъектісі заңды 1 жыл ішінде қайта бұзғаны үшін айыппұл салынды. Сонымен қатар, тауардың бағасы көрсетілмеуі, сондай-ақ дүкен витринасындағы баға мен кассада көрсетілген бағаның сәйкес келмеу фактісі бойынша 62 кәсіпкерлік субъектісіне хаттама толтырылды.
Сондай-ақ өңірлік Департамент ҚР ӘҚБтК 204-2-бабы бойынша (сауда базарларын ұйымдастыру бойынша заң бұзушылық) 9 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғапты.