«Қауырсын қалам» айдарының қонағы — Арайлым Хабиболла. Ол 1994 жылы 20-шы қарашада БҚО Ақжайық ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. «Тұңғиық» жыр жинағының авторы

Жүдетеді сәлемдеме келмеген,
Үміт қана бұл жүрекке өң берген.
Күнәһарлау кездерімді кешіргін,
Махаббатқа сенбеген.

Көбелектей көлбеңдеген келбеті,
Сәлеміңнен жадырайды-ау жер беті.
Күн ұзаққа хабар күттім телміріп,
Үнсіздігің ол тағдырдың жел өті.

Бүгін тағы телефоным тіл жұтты,
Бір аждаһа төзімімді қылғытты.
Ішімде алау, билеп жүрді сұр пері,
Қалам жылап, жыр ұтты.

Ең өлімші сәттерімде қарманып,
Өлмеуге де күш береді, ойлар ұқ.
Уақыт өтіп кетеді ме кім білсін?
Телефонның тұтқасына байланып…
***
Үнсіздікті биік көрген ардағым,
Жазуына көміп, көніп жалғанның.
Қиылсамда апармасы белгілі,
Тарамысы «тағдыр» деген жолдардың.

Түсінемін жеткізбейді көктемде,
Адам неге қарайлайды өткенге?
Қазір анық тым өзгеше талғамың,
Сен сыйлаған естеліктер жоқ мен де…

Бармайтыны белгілі де хаттарым,
Сезеді олар дәл жаныңда бақ барын.
Жекелеген меншігісің өзгенің,
Шаттық әні шырқалмайтын бақтамын.

Үнсіздікпен биіктеген ардағым,
Күл талқан боп ең аяулы арманым.
Мен жоғалтқан бар бақытты енді ұқтым,
Сенің мөлдір жанарың да қалғанын…
***
Білмесем де сорым қайсы, бағым кім,
Маңдайдағы шимайларға бағындым?!
Біреу мені сұрықсыз деп айтады-ау,
Мен әдемі суретімін Тәңірдің!

Толқытқанда қайық қылып жыр-айдын,
Жалғыздықты мойындамай жылаймын.
Әлдекімдер керек етпей жүрсе де,
Мен қажет деп тапқанымын Құдайдың…

Үгітілмей кедір жолға әрі аққан,
Арай шашсын таңдарға деп әр атқан.
Үлбіреген нәзік етіп көрсетіп,
Мені сонша мықты қылып Жаратқан.

Бәрін жорып тұрады ғой мақұл жұрт,
Болмаса да сөзі-ісінде жақындық.
Ақыл емес жүрегіне жүк артар,
Мені тағдыр таңдап алған Ақын қып…
***
Қайдан келдің, жұлдыз ба, ғарыштан ба?
Кейде есім ұқсайды ауысқанға…
Мен бір арман айтайын орындалмас,
Адам деген арманды тауысқан ба?

Жазығы жоқ қанатсыз хаттарымның,
Сыр ашпаймын деп жүріп ақтарылдым.
Бізді шексіз бақытсыз қылады рас,
“Болмайды” деп үздігіп жатқан ұғым.

Өлең оқып,түн болса айға бегім,
Еш жырымды оқыма жазған менің!
Тып-тыныш сүріп жүрген ғұмырыма,
Жарылыс боп жарығым қайдан келдің?

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Қауырсын қалам

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *