Атыраулық қоғам қайраткері Рәшила Мүрсәлимова: «Сұлухия Атырау телерадиосының дамып, өркендеуіне орасан зор үлес қосқан, өңірдің тұлғалар галереясын жасақтаушы, шын мағынасындағы маман» деп жазды. Дұрыс баға. Осыны біз «Біздің Сауық Жақанова» деп толықтырсақ әріге кете қоймаспыз. Қарапайым Ганюшкино ауылындағы әйгілі М.Л.Ломоносов атындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейінгі жолы оны ақпарат майданына қарай алып келіп, сол мамандықтың майталманы атанды. Айтуға оңай болғанмен жауынгер журналистердің арасында жетілу, жаңалық, хабар-ошарыңнан басқа қанша ма тағдырлармен сырласу, олармен бірге күйзелу, жанын ұғыну осының бәрі пенде біткенді қинамай тұрмайды. Алайда абырой дегенің өзі осындай азапты жолдардан тұратыны және бар. Міне, сөйтіп жүріп Сұлухия әріптесіміз, сыйлас досымыз өз биігіне күмәнсіз көтерілді. Аспай-саспай, төкпей-шашпай келді. Жан-жағына шуағын шашып жетті. Ұжымның ұйтқысы, тыңдарманының сүйіктісіне айналды. Теледидармен бірге есейіп, радионың сандуғашы атанды. Миллиондардың құлағында үні қалды. Жалынды жастығы өтті. Өзіндік қолтаңбасы қалды. Екі тілде қатар сөйледі. Бүгінде тілшілер ұстаханасының ұстазына айналды.
Сұлухияның тағы бір қыры жасы үлкенді қадір тұтып, кейінгі буынды үнемі қамқорлап жүреді. Тіпті ұжымдағы жастар отау көтере қалса, алдымен сүйген жарын ілестіріп Сұлухия апаларына келеді екен. Ақылын тыңдап, батасын алады.
Осы ақпарат саласының үздігі Сұлухия сейсенбі күні Атырау қалалық Н.Жантөрин атындағы филорманияда есепті кешін өткізді. Кеш дегенде «Эфирде Сұлухия Қаттарқызы» атты бенефис шоу. Әдетте ақын, жазушылардың шығармашылық кеші өтіп, кітабы шығып жататын. Ал журналистердікі некен саяқ. Сондықтан бұл қалай болар екен деп ойлағанбыз. Сөйтсек көрер көзге көркем дүние, айтарға сөз бар екен. Мұны Балауса сынды әріптестері бірлесіп ұйымдастырып, шәкірті ақын Нұрлан Өмірбаев кездесудің тізгінін ұстады.
Бенефиске Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов бастан аяқ қатысып, облыс басшысының арнайы құттықтауын тапсырды. Қазақстнның Еңбек Ері, сазгер Ілия Жақанов қатысып, Оралдан ақын Бауыржан Халиолла келсе, орта жолдан біз де ат терлетіп жеттік.
Жоғарыда тұлғалар галереясын қалыптастырушы деген әңгіме айтылды ғой. Бүгінгі Сұлухияның елге сіңірген еңбегі туралы пікірлерден оның өзі де тұлғаға айналып бара жатқанын сездік. Оның солай болуы да заңды емес пе?

Жанай Амантурлин, Атырау облысы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Тұлға

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *