Бір сағыныш қалды іште ұзатпаған…
«Қауырсын қалам» айдарының қонағы – Нұрай Талап. Ол 1999 жылы қазан айының 28-ші жұлдызында Атырау облысында дүниеге келген. А. Сүндетов атындағы Атырау жоғары медициналық колледжінің түлегі. Облыстық «Фариза жұлдыздары» клубының мүшесі. «Күләш Нәбиева атындағы арнайы сыйлық» иегері. Өлеңдері мерзімді басылымдарда жарияланып, ұжымдық жинақтарға енген. Республикалық жыр додоларының жүлдегері. Бүгінгі таңда Қостанай өңірлік Ахмет Байтұрсынов атындағы университеттің «Журналистика және репортер ісі» мамандығының 1 курс студенті
Қолшатыр
«Өң мен Түс» аралығы бір шақырым,
Сәттілік ұсынады — Қолшатырын.
Мендегі бұл болмыстың биігін-ай,
Күйіктің бұрмаланған сыйы бұлай.
Қасиет қасіретпен ұштасқанда,
Бір қою мөрлі тағдыр түсті аспанға.
Таңдаудың туралығын түсінбейсің,
Турашыл тураланған ісім дейсің?!
Кешегі өткеніңнің тармағынан,
Қан тамар қара түстің бармағынан.
Түнектің аралығы бір шақырым,
Қызыл рең жарасатын — Қолшатырым.
****
Перінің қызы
Құндылықтар елес бәрі,
Мұңды көктем емес әлі.
Сәл құбылып естіледі,
Пері қыздың көмескі әні.
Құбылатын көзін ілмей,
Адасатын өзі білмей?
Жарықтары шағылыпты,
Пері қыздың жүзігіндей.
Жанарын-ай, қара құрдым,
Есіл мұңды алады кім?
Қара жұлдыз тағып алған,
Саудалаған балалығын.
Мүмкін емес, мүмкін бәрі —
Ғасыр үнін кім сұрады?
Пері қыздың үні қалар,
Мың жауапқа…. Бір сұрағы.
Ал, Құдайдың дайын оған,
Бір құбылған мың сынағы…
****
Көбелектің әні
Сайтанға жанды сатқанда ғана,
Таңдалған болып ұнар ең?
Ақыры қыстың ақпанда ғана,
… таңдаулы жарға сынақ ем.
Көбелек мұңның тағдыр тармағы,
тағдыры оттың қолында. —
Аспанда қалар жаңбыр салмағы,
— мен, жоқпын ақыр соңында.
Кешегі күннің батқаны суық,
реніші қалды тағы ішінде.
— Серттесіп алып, атқаны қызық?
Ақиқатынан қашқан түсін де. —
Сайтанмен жанды саудаласуға,
Бола ма әлде жұмақ керек пе?
… өмір мен өлім араласуға,
«Жалғыздық — мөрі себеп пе?»
Түсініксіз…
****
Сұлба
Жалғыздыққа именбей жүлде тігіп,
Миығымнан өзге емес, күлді өтірік.
«Менің миым, моласы мәңгіліктің?!»
Мәңгілікке айналды түнде тұнық.
Бір сағыныш қалды іште ұзатпаған,
Өткелдерді қайтейін мың аттаған.
Қараңдаған сұлбадан үрейленем,
Шеңбер ішін айналса сызат ғалам.
Көңіл емін таппадым түнге сыңар,
Уақыт үнін таппадым. Жүрген шығар —
қарашыққа тоқтаған сұр сұлба бұл,
Ойым емес, өзімнің мүрдем шығар?!
Жеті. Сегіз. Шетінеп жаңа жарық,
Сәби сәтті сұр бейне барады алып.
Айна алдында мен қалдым…
сұлбам күлді —
(Әкей берген сағатты қарап алып.!)
****
Обалы ма еді…
Обалы ма еді көз жастың,
Обалы кімге сезімнің?
Мұң дейтін күңге жолдаспын,
Сырқаты едім төзімнің.
Сұрауы бар ма сөздердің,
Сұрағы бар ма тағдырдың?
Мөлдіреп тұрған көздердің,
Көз жасы болып жазғырдым.
Алыстап тұрып жақынсың,
Жақыным десем жат жан ең.
Сен сондай тағы ақынсың,
Жанына жалғыз тапқан ем.
Ұнаттым десең…Шектедім,
Ұнаттым десең ұмыт деп.
Неліктен неге жетпедің,
Үндемегенім үміт деп.
Сұрауы бар ма сөздердің,
Сұрағы бар ма тағдырдың?
Мөлдіреп тұрған көздердің,
Көз жасы болып жазғырдым..
****
Жазғыру
Қорғаймын деп дауыл менен жаңбырдан,
Деуші едің «Қалқам» үшін жан құрбан.
«Қалқатайың» мейірімге шөлдеп жүр,
(сенің өліп қалғандығың бар кінәң).
Сенің өліп қалғандығың болмаса,
Менің жаным жалғыздықтан тоңбаса.
Өлең жазып қу дертімді емдер ем,
Жұбатпайды мені келіп ол да аса.
Тағдыр бикеш көрмегендей көлгірсіп,
Алау сезім лауламасын… Сөндір түк —
қызыл шапақ күн көзіне қарамай,
Сырға талдан тамады кеп мөлдір шық.