Қостанайда «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы бойынша алғашқы пәтер берілді
Қостанай облысында еліміздегі жаңа тұрғын үй бағдарламасы – «Наурыз жұмыскер» алғаш рет жүзеге асырылып, нәтижесінде несие алушы баспаналы болды.
Наурыз мерекесі қарсаңында қостанайлық Данияр Асанов өз пәтерінің кілтін қолына алып, үлкен қуанышқа бөленді. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-де еңбек ететін жас инженер-конструктор «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының алғашқы қатысушыларының бірі атанып, тиімді шарттармен тұрғын үй сатып алды.
Тек екі күн бұрын ғана өтініш берген Данияр екі бөлмелі пәтерінің құжаттарын рәсімдеп үлгерді. Ол пәтерді жаңа салынып жатқан үйден таңдаған. Бұл тұрғын үй кешенінде құрылыс компаниясы барлық әрлеу жұмыстарын өзі жүргізеді. Сондықтан Данияр жаңа баспанасына жөндеу жұмыстарын күтпестен бірден қоныстана алады.
«Қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бірнеше күн бұрын ғана жалдамалы пәтерде тұратын едім, енді өз үйім бар. Бұл – мен үшін үлкен қадам. Енді болашақты жоспарлап, отбасын құру туралы ойлауға болады», – дейді жас маман.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы – жұмысшы мамандық иелері үшін үлкен қолдау. Бұл бағдарлама аясында қатысушыларға тұрғын үй таңдау үшін алты ай уақыт беріледі, ал бастапқы жарна небәрі 10%, бірақ кемінде 2 миллион теңге болуы қажет. Мұндай талаптар көптеген азаматтарға баспаналы болуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның жоғары сұранысқа ие екенін алғашқы күннен-ақ байқауға болады. Тек үш күн ішінде «Отбасы банкі» жалпы сомасы 31 млрд теңгеге 1 094 өтініш қабылдаған. Бағдарлама қатысушыларының орташа жасы – 31, ал ең жас несие алушылар – небәрі 19 жаста.
«Ең бастысы, бұл бағдарлама шынайы жұмыс істеп тұр. Қазақстандықтар тұрғын үйді тиімді шарттармен сатып ала алады, ал құрылыс компаниялары азаматтарға тезірек қоныстануға мүмкіндік беретін таза әрленген пәтерлерді ұсынуға дайын», – дейді «Отбасы банкі» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» жұмысшылардың қоғамдағы маңыздылығын мойындап қана қоймай, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдарды көрсетеді. Зауыттар мен кәсіпорындар өз қызметкерлерін қолдап, мемлекеттік бағдарламалар олардың баспаналы болуына көмектесуде.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы елдегі жұмысшы мамандарға баспана алудың жаңа мүмкіндігін ұсынып, көптеген азаматтардың арманының орындалуына жол ашып отыр.
Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ
Қостанай облысы
/сурет ашық дереккөзден алынды