БҚО басшысы Бөрлі ауданына барды
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Бөрлі ауданының Ақсай қаласына барды. Ол «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ордаларының құрылысымен танысты. Сапар барысында аймақ басшысы «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының өңірлік өкіліне және Бөрлі ауданының әкіміне құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырып, бұл жобаның Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін атап өтті.
Биылғы жылы «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысында алты мектептің құрылысы аяқталады. Айта кету керек, заманауи және қолайлы білім беру мекемелерін құру – өңірлік дамудың басым бағыттарының бірі. Бұл білім сапасын арттыруға және өскелең ұрпаққа қолайлы оқу жағдайларын жасауға бағытталған.
/сурет ашық дереккөзден алынды