Қазақстанда «Сүмбіле» атты ұшақ пайда болды
FlyArystan әуе компаниясы өзінің әуе флотына жиырма алтыншы ұшақ қосылғанын хабарлады. Airbus A320 CEO ұшағы 180 жолаушыны тасымалдауға арналған. Оған компания басшылығы «Сүмбіле» деген атау берген.
180 орындық Airbus A320 CEO отандық лоукостердің әуе флотын толықтырды. Әуе компаниясының жазуынша, жаңа ұшақ жаңа рейстерді ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, бір айға жуық уақыттан соң компанияның ұшақтары Қытайдың Құлжа қаласына қатынайтын болады.
«FlyArystan ұшақтар паркінің кеңеюі жаңа бағыттардың ашылуына және мүмкіндік береді. Солардың бірі – 2025 жылдың 18 мамырынан бастап Қазақстанның оңтүстігі мен Батыс Қытай арасындағы тікелей және жылдам байланысты қамтамасыз ететін Алматыдан Қытайдың Құлжа (Инин) қаласына ұшатын жаңа халықаралық рейсі. Бұл бағыт туризмді, іскерлік ынтымақтастықты және екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтады деп сенеміз», деді әуе компаниясының президенті Ричард Леджер.
Еске салайық, компания биыл Наурыз мерекесі қарсаңында жиырма бесінші ұшағы Airbus A320 CEO-ны иеленсе, 2024 жылы өз әуе флотын бес Airbus ұшағымен толықтырды.