Қазақстанда кімдердің кредиті кешіріледі?
Қазақстанда алаяқтардың құрбаны болған 2,5 мың адамның кредиттері кешірілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап fastnews.kz.
Бұл туралы Бас прокурор Берік Асыловтың депутаттарға берген ресми жауабында айтылған. Оның мәліметіне сәйкес, алаяқтықтан зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында 2024 жылдың маусым айында «Банктер және банк қызметі туралы» заңға қаржы ұйымдарына алаяқтық әрекеттердің себептері мен салдарын жоюға бағытталған бірқатар талаптар енгізілді. Атап айтқанда, тергеу кезеңінде күмәнді несиелер бойынша берешекті өндіріп алу және талап-арыз жұмыстарын уақытша тоқтату, клиенттің қатысуынсыз рәсімделген несие берешегін есептен шығару, сондай-ақ мұндай қарыздар бойынша бұрын төленген сомаларды зардап шеккен азаматтарға қайтару тетіктері қарастырылған. Бұл механизм қаржы ұйымдарына кибералаяқтықтан зардап шеккен азаматтардың банк шоттарын несиені өтеу мерзімі кешіктірілген жағдайда бұғаттауға жол бермеуді көздейді.
Заңнамадағы аталған түзетулер аясында 2,5 мыңнан астам адамның жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеден асатын кредиттері бойынша өндіріп алу шаралары тоқтатылып, 1,6 млрд теңгеден астам қарыздары есептен шығарылды.