Қызылорда облысы Қазалы ауданында оқу жылының аяқталуы және мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы құндылықтарын сақтау мен, бала тәрбиесі және басқа да өзекті мәселелерге қатысты кеңейтілген мәжіліс өтті.

Мәжіліске аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме-кәсіпорын басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері, аудандық қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі және әйелдер кеңесінің төрағалары, ата-аналар комитетінің өкілдері, аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары мен бітіруші сыныптардың сынып жетекшілері қатысты.

Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Тәрбиелі, білімді ұрпақ – жарқын болашақ» атты тақырыппен өткен жиынға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет төрағалық етіп, жалпы аудандағы білім саласындағы өзекті мәселелер мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстарға тоқталды.

— Қай қоғамда болмасын, қашанда ұрпақ тәрбиесі – өте өзекті. Бүгінгі таңда елімізде Мемлекет басшысынан бастап ұрпақ тәрбиесіне аса мән беріп, білім беруші мен білім алушыға мүмкіндігінше жағдай жасау, сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру бағытында, жалпы ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін түрлі шараларды қабылдауда. Бүгінгі ұрпаққа сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие беру – қоғамның басты міндеті. Ал ендігі біздің міндет қоғам болып баланың бойына сапалы біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңірту, балалардың түрлі құқықбұзушылықтармен зиянды әрекеттерге бармауына жол бермеу бағытында бірлесе, жауапкершілікпен жұмыс жасау. Қай заманда, қай қоғамда болсын бала тәрбиесі отбасындағы негізгі құндылық болып саналған. Әрине, баланы ортаға бейімдеу, тәлім-тәрбие беруде мектептің рөлі үлкен. Алайда бүгінгі қоғамда мектеп-бала-ата-ана үштігі үйлесімді, тығыз жұмыс жасап, әр баланың тәрбиесімен тікелей айналысуы керек. Сонымен қатар бүгінгі қоғамда бала тәрбиесінде ата-ананыңда жауапкершілігін күшейту керек, — деді аудан әкімі.

Кеңейтілген мәжілісте аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов білім саласында сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан шаралар туралы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алтынбек Қалиев суға түсу маусымындағы атқарылып жатқан жұмыстар және қауіпсіздік шаралары бағытындағы жұмыстар жайында баяндама жасады. Сондай-ақ мәжіліс барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов пен білім беру саласының ардагері, аудандық әжелер алқасының төрайымы Ұлдай Рашева отбасы құндылықтары, отбасындағы балаға тәрбие берудегі ата-ананың рөлі жайында сөз қозғап, ұрпақ тәрбиесіне қатысты өз ақыл-кеңестері мен ұсыныстарын жеткізді.

Мәжіліс соңында аудан әкімі оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру, суға түсу маусымы кезінде оқушылар мен балалардың қауіпсіздігіне баса назар аудару, барлық қала, кент және ауылдық округтер бойынша жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға байланысты ауыл әкімі, мектеп директоры, учаскелік полиция инспекторы, ардагерлер, әйелдер және қоғамдастық мүшелері, белсенді жастар мен жоғарғы сынып оқушылары мен олардың ата-аналарын қатысуымен арнайы жиын өткізіп, түнгі рейдтік шаралардың жұмысын күшейту, демалыс уақытында балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстап ата-аналармен тығыз байланыста болу және өзге де өзекті мәселелер жөнінде тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *