Мұғалімді балағаттап, оқудан шығып қалған оқушы бейнеүндеумен кешірім сұрады
Назарбаев мектебінің 11-сынып оқушысы мұғалімді балағаттағаны үшін оқудан шығарылды. Ол арнайы бейне түсіріп, кінәсін мойындап, оқуын жалғастыруды сұрады, деп хабарлайды Orda.kz.
Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы оқу жылының аяқталуына екі күн қалғанда мұғалімді балағаттағаны үшін оқудан шығарылды. Жанжал оқушы тоқсандық қорытынды бағалау кезінде телефон қолданғанынан кейін басталған. Мұғалім оқушының телефонын алып қояды. Ызаланған оқушы мұғалімді көптің көзінше балағаттаған. Жағдай сараланып, оқушы 23 мамыр күні оқудан шығарылды.
Жасөспірімнің айтуынша, мұғалімдер мен ата-аналар ол туралы жалған ақпарат берген көрінеді. Сонымен қатар ата-аналар орыс тілін білмегендіктен және қысым болған соң мәлімдемеге мазмұнын түсінбей қол қойған.
«Егер маған осы мектепте оқуымды жалғастыруға мүмкіндік берілсе, мен тәртіптік жазаға, қоғамдық жұмыстарға баруға немесе басқа да шараларға дайынмын», — дейді оқушы.
Бұған дейін мектеп директоры Әнуар Жанғозин баланың кінәсі дәлелденгенін айтқан еді.
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл мәселеде оқушының құқығы бұзылған.
«Мектеп тек сабақ беріп қана қоймайды, ол тәрбиелейді. Осы мектепке бес жыл бұрын ең ынталы, дайындығы жақсы оқушылар қатаң іріктеуден сәтті өтіп, мемлекеттік оқу грантын алды. Мектепте оқушыларды қорқытпай, керісінше олармен жұмыс істеу керек», деді ол.
Депутат Қазақстандағы кәмелетке толмағандардың мінез-құлқы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен реттелетінін еске салды.
Бұл жағдайға оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та араласты. Оның тапсырмасы бойынша мектепке балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және аумақтық департаменттің өкілдері жіберілетін болды.
«Қазақстанда педагог мәртебесі заңмен бекітілген және оның қоғамда ерекше рөлі бар. Олардың кәсіби абыройына күмән келтіруге болмайды. Сонымен қатар оқушы жіберген қатесін түсінді. Бұл жағдайда мектеп адамгершілік пен кәсіпқойлық қағидаттарын басшылыққа ала отырып шешім қабылдайды деп сенеміз», деді ведомствоның ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.
Бұл жағдай министрлік пен балалар құқықтарын қорғау органдарының ерекше бақылауында.
Фото: Бейнеден кадр